ЕЛБАСЫ «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ
Мемлекет басшысы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде «Теңізшевройл» жобасы туралы келісімге қол қойылған сәттен бері ширек ғасыр өткенін айтты.
– 25 жыл ішінде «Теңізшевройл» мұнай-газ нарығындағы көшбасшыға айналды. Жоба іске қосылғаннан бері мұнай өндіру көлемі 30 есе өсіп, тарихи межеге – үш миллиард баррельге жетті, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы бұл кәсіпорынның ел экономикасына зор үлес қосып отырғанына тоқталып, Қазақстанда өндірілетін мұнай көлемінің үштен бір бөлігінен астамы «Теңізшевройл» компаниясына тиесілі екеніне назар аударды.
– «Теңізшевройл» компаниясы экономиканың машина жасау, мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету, көлік және құрылыс сияқты салаларында жұмыс істейтін мыңдаған қазақстандық кәсіпорынның дамуына жол ашты. Бұл дегеніміз – алынған салықтар мен дивидендтер, Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сатып алынуы. Бүгінде жоба аясында 30 мыңнан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған, ал жобаның барлық шығынының 32 пайызынан астамы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесіне тиеді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Үшінші жаңғыруы және Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жағдайында өндірістің өнімділігі мен тиімділігін арттыратын заманауи цифрлық технологияларды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті.
– Мұнай мен газ бағасының құбылмалылығына және баламалы технологиялардың дамуына байланысты мұнай мен газды кең көлемде қайта өңдеу мәселесі туындайды. Қазақстан да бұл мәселеге мүдделілік танытып отыр. Үкімет компаниямен бірлесе отырып қайта өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесін қарастыруға және бұл жөнінде баяндауға тиіс. Қайта өңдеу саласында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бірінші кезекте тұр. «Шеврон» компаниясы бұл мәселеге орай қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Теңізшевройл» компаниясының бүгінгі жетістіктерге еңбеккерлерінің білімі мен тәжірибесінің арқасында қол жеткізгенін атап өтті.