МЕМЛЕКЕТ – ЕЛДІҢ ҚОРҒАНЫ
Бұл күнде аттан құлап қалса, «Үкімет қайда қарап отыр?» деп, үйдей пәлені үкіметтің мойнына іле салатын жандар жетіп артылады. Әрбір түкпірден, әрбір ой-қырдан таба аласыз. Ел ішіндегі тұрақты саяси ахуал мен мемлекеттің дамуын алға тартқан билік тараптың атышулы Әблиязовтың «Қазақстандық демократиялық таңдауы» ұйымын экстремистік деп тануы халыққа қалқан болғанының бір белгісі.
Сайып келгенде сан мәрте қаржылық жымқыру мен қара орман халықты мемлекеттік саясатқа қарсы айдап салудың басты құралы болып келген ұйым бұл ретте екі әтешті төбелестіріп, қол шапалақтап қарап отыратын құйтырқы әрекеттің мысалы болар. Бас прокуратураның бұл реттегі іс-қимылы жұртшылықтың талайдан бері ойында жүрген күмәнін сейілткендей. Оның үстіне, халықты құрал ретінде пайдаланғысы келген мақсатты шараның тамырына балта шапқандай.
Елдегі әрбір тұрмысы төмен немесе орта, өз саласында тасы өрге домаламай жүрген жандар өкпесін өкіметтен алғысы келеді. «Таз ашуын тырнадан аладыны» өз мақсатына сәтті пайдаланғысы келетін ортадағы теріс пиғылды мұндай күшті құрылымның заңсыз екенін айғақтап, жұртшылыққа таныстырып отырған құзырлы орындардың бұл ісін қолдамауға хақымыз да жоқ. Демек, тақырыпқа тиек қылып отырғанымыздай, «мемлекет – елдің қорғаны» деп нық сеніммен айтсақ болғандай.
Дамир ӘБДІРАХМАНОВ