ҚАЙЫРЫМДЫ МЕКЕН
Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, білім беру саласында өлкентану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Ел Президенті ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні – осында.
...Мына алаң шаңы көтеріліп, сұрқы кеткен ауылдың бұрынғы орталық алаңына мүлдем ұқсамайды. Самаладай жарқыраған жап-жарық шамдар, арқалығы әдемі орындықтар, оқтаудай тегіс көше, айнадай асфальт. Одан сәл әрірек жүрсеңіз, бірді-екілі әткеншегі мен сырғанақтары бар балаларға арналған демалыс паркі тұр. Бұл – біздің ауылдың орталық алаңы!
Бірнеше жыл бұрын ауылдан қоныс аударып кеткендігімнен бе, осы сапарымда өскен өлкедегі өзгерістерге тәнті болдым. Жергілікті халық мұндай әсем орындарды «Қыдыр ата» салып берді деп алғыстарын жаудырып жүр. Дертіне дауа іздеген жандар ол кісіні Қыдыр ата деп атап кеткен. Күллі ел солай атайды. Ал, шын есімі – Жанарыс Еңсепов. Емшілігі өз алдына бір төбе тұлға бірнеше жылдан бері Ақтөбе қаласында тұрады. Алайда, туған жері Сексеуілдің ахуалын ешқашан назарынан тыс қалдырған емес. Екі жыл бұрын Сексеуіл кентінде ашылған заманауи үлгіде жабдықталған 160 орындық «Алма Рай» балабақшасы да осы кісінің ықпалымен салынған.
Көкке қол созған ауыл мешітінің күмбезі алыстан менмұндалап көз тартады. Біздің бала кезімізде бой көтерген Тілеуқұл Ишан мешіті жап-жаңа тәрізді. Имандылық үйі бірер жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өтізілген екен. Ауласына 300 орындық асхана да салыныпты. Игілікті істі «Арал ауданының құрметті азаматы» атанған осы ауыл тұрғыны Қадірберген Бедер жасаған.
«Қазақстан отын-энергетика кешені» ЖШС Сексеуіл филиалының директоры қызметін атқаратын қайырымды жан алдына көмек сұрап барған жанды бос қайтармайды. Бұған қоса, ол бұған дейін үй-күйі жұпыны отбасыға баспана салып берген. Тұрмысы төмен тағы бір жанұяға құрылыс материалдарын тарту еткен.
Жалғызбасты зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасыларды азықпен, отынмен қамтамасыз ету Қадірберген ағаның тұрақты түрде жасайтын ісіне айналған. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына жыл сайын жазғы тынығу лагерьлеріне жолдама беріп, мектепке қажетті киім-кешегі мен оқу құралдарын алып беріп отырады. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында ашылған онкологиялық ауруларға шалдыққан жандарға арналған паллиативтік көмек беру бөлімшесіне қажетті жабдықтарды алу үшін өңір кәсіпкерлерімен бірге қол ұшын созған болатын.
Осындай өнеге-ғибратты көріп отырған ауылдың жастары да туған, кіндік қаны тамған жеріне қолдау көрсетіп отыруды дәстүрге айналдырыпты. Мәселен, Мейрамбек Таласов есімді кәсіпкер жылыжай өндірісін қолға алып, жеміс-жидегі аз өңірге қолайлы жағдай жасаса, жас кәсіпкер Серік Исаев балаларға арналған жазғы спорт алаңын және «Империя» деп аталатын мәдениет орталығын салып, қолданысқа беріпті.
Ал осы ауылдың түлегі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті кәсіптік білім беру кафедрасының меңгерушісі, доцент Марал Есекешова болса, мектепті үздік бітірген оқушыларға стипендия тағайындауды дәстүрге айналдырған екен. Білімді жастарға қолдау көрсеткен туған жер түлегіне ауылдағы ағайын дән риза.
Қасиетті дінімізде «оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Атын атап көрсеткен жандардың жариялылықты ұната қоймайтынын да білемін. Алайда, жақсының жақсылығын айтқан да абзал. Өйткені, олар жанымызда жүрген жақсы адамдар. Иә, жаныңда жүр жақсы адам!
Сағира УӘЛИ,
Арал ауданы