«ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ 100 ОҚУЛЫҚ» БАҒЫТЫ ЖЕМІС БЕРЕ БАСТАДЫ
Әлемнің ең үздік 18 оқулығы қазақ тіліне аударылды. Осыдан тура бір жыл бұрын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған «100 оқулық» бағыты өзінің алғашқы жемісін берді. Философия, экономика, антропология, дінтану секілді іргелі салаларды қамтитын еңбектер бүгін Елбасыға таныстырылды.
Белгілі француз философы Реми Хесс, әлеуметтану ғылымының ең беделді өкілі Джордж Ритцер, антрополог ғалым Алан Барнардтың еңбектерін енді қазақтілді аудитория кеңінен танитын болды. Әлемдік гуманитарлық ғылым бұрын-соңды мұндай көлемде аударылған емес. Бұл кітаптар қазір әлемнің ең іргелі 100-ден астам университетінің оқу бағдарламасына енгізілген. Баспадан кемінде үш қайтара басылып шыққан. Соңғы басылымы өткен үш жыл көлемінде жарық көрген. Осыған қарап-ақ, бұл еңбектердің қаншалықты сұранысқа ие екенін бағамдай беріңіз.
Америкалық студенттер мұндай оқулықты кемі 280 долларға сатып алатын көрінеді. Өйткені, бұл деңгейдегі бір кітапты құрастырып, басуға 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін қаржы жұмсалады. Сондықтан, бағасы да тым қымбат. Ал, қазақстандық студенттерге бұл оқулықтар алдағы қыркүйектен бастап су тегін таратылмақ.
Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:
- Мұндай оқулықтарды арнайы бағыт аясында аударып, тегін тарату әлемде баламасы жоқ тәжірибе. Аударманы мейлінше сапалы шығару үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары шақырылып, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға қарымды қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлер тартылды.
Қазақ тіліне тәржімаланған 18 оқулықтың жалпы таралымы 47 миллионнан асады. Философия, әлеуметтану, тіл білімі, антропология мен дінтану, журналистика, экономика мен кәсіпкерлік салаларын қамтиды.
Бір нәрсені ұғынған жөн. Бұл аудармадан жасалған аударма емес. Адамзат баласының ең таңдаулы туындылары түпнұсқадан қазақ тіліне тікелей аударылып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастамалар турасында былай деп пікір білдірді:
- Мына кітаптарды оқу үшін алдымен қазақ тілін білу керек. Өз тілімізді білмесең қалай оқисың?! Қазақтың тілін жетік білген адам мынаның бәрін түсініп оқиды. Мұның да мағынасы бар.
Мамандар «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатқан бұл бастамаларды ұлттың ұзақ мерзімді даму жоспарына балайды.
«Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мемлекет басшысының қабылдауында «Qazaqstan» арнасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді ақпараттық сүйемелдеу бойынша қызмет жасағанын айтты. Түрлі кездесулер мен талқылаулар ұйымдастырғанын, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тың идеяларды жүзеге асыру бойынша да қыруар жұмыс атқарғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Елбасының әрбір бастамасына кез-келген уақытта қолдау көрсететінін жеткізді.
Сондай-ақ, бұл бағытты ғылыми қазақ тілін қалыптастырудағы бірегей қадам деуге болады. Өйткені, тіліміз халықаралық ғылыми лексиконмен толықты. Тек осы 18 оқулықтың негізінде 3 мыңнан астам ғылыми терминдер мен ұғымдар пайда болды.
Аударма ісі аталған еңбек авторлары мен біздің ғалымдардың арасындағы байланысты жалғай түскен тәрізді. «Философияның таңдаулы 25 кітабы» оқулығының авторы француздық Реми Хесс Қазақстанға жасаған сапары жайлы кітап жазуға кірісіп кетіпті.
Айымжан Рыскиева, І Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі:
- Оны еліне барғаннан кейін бізге жазған хатында ашық айтты. Мен хатты алып келдім, рұқсат етсеңіздер оқып берейін. «Бұған дейін Қазақстан туралы білетінім аз еді. Сондықтан, келер кезде қобалжығаным рас. Алайда, Астананы алғаш көргенімде және сіздердің елдеріңізде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жастармен сұхбаттасқанда мұнда мәдени революцияның қазанында қайнап жатқан гиперзаманауи қалаға тап болғанымды түсіндім. Бұл сапарым мен үшін айтулы тарихи сәт болды. Осы бір өзгеше сезім мені кенеттен жасартып жібергендей», - деп жазды. Оның біздің елге сүйсінгендігі, тәнті болғандығы соншалық, Қазақстанның заманауи мәдениеті мен Ұлы Абай хақында кітап жазуға бел буды. Тіпті, сол Астанада жүрген кезінде-ақ 20 бетін жазып, бізге қалдырды.
Қазақ тілінде сөйлеген еңбектердің ішінде Карон Армстронгтың «Құдайтану баяны» атты кітабы бар. Бұл адамзат баласы үшін аса құнды еңбектер қатарында. Өйткені, діннің тарихын білмей тұрып, дін туралы сөз қозғау қай қоғам үшін қауіпті.
Жаңа оқулықтарды кіші бағыттың арнайы сайынан оқу кез-келген қолданушы үшін қолжетімді. Алдағы уақытта аударылған кітаптар бойынша кіші көлемдегі бейнематериалдар жариялау жоспарда бар.