ӘР ҰСЫНЫСТЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ ЗОР
Елбасының жыл сайынғы Жолдауы біз үшін тарихи құжат. Олай дейтініміз әрбір Жолдау тәуелсіз елімізді одан әрі дамытудың, биік табыстарға жеткізудің стратегиялық жолы. Бұл жолы мемлекет басшысы Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы негізгі басымдыққа айналуы тиіс деп мәлімдеуі, ел халқының көңілінен шыққаны да жасырын емес.
Халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру бүгінгі күннің ең өзекті тұстары десек, бұл әрбіріміз үшін маңызды.
Мәселен, бұл басты құжаттағы маған ұнаған маңызды мәселе, сыбайластықпен күрес болды. Неге? Себебі: баршамыз жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендететінін, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтінін, тіпті елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретінін, ең бастысы - адамдардың заң мен әділдікке деген сеніміне кері әсер ететінін жақсы білеміз.
Ал, жемқорлықтың түбіріне балта шаппай, тірліктің алға баспасы анық. Ең әуелі күнделікті тұрмыста сыбайлас жемқорлықты жою керек. Цифрлы технологиялардың көмегімен мемлекеттік қызметтерді алудағы пара алу санын азайту, реформаларды кезең-кезеңімен іске асыру арқылы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Әрине Жолдау жүктеген міндеттер мен мақсаттар өте ауқымды және Жолдаудағы әр ұсыныстың стратегиялық маңызы зор. Ендеше, халық пен елдің игілігін көздейтін стратегиялық құжатты жүзеге асыруға белсене қатысу, бәсекеге қабілетті, дамыған отыз елдің қатарына Қазақстан ену үшін жемқорлықты жою баршамыздың, әрбір азаматтың абыройлы міндеті деп білемін.
Базара ТАНБАЕВА,
"Нұр Отан" партиясы "Теміржол" филиалы
төрағасының бірінші орынбасары.