Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Манап Көкенов бата берген келіншек

Манап Көкенов бата берген келіншек


Алматының берері алабөтен
Жастық шақта адам жақсылықты ғана көруге құмар болатын болу керек, балауса балғын кездегі көріністің бәрі сол сәттегідей жаныңа қуаныш, нұр сыйлап тұратыны бар. Содан ба, Алматының бар көшесі әдемі, әр көшесі сұлу көрінетін. Тұмса табиғат саф таза ауасымен-ақ көңіліңді көктемдей құлпыртып жіберуші еді. Тауға қарасаң да, талға қарасаң да тартымды. Тұнық аспан тұңғиығына қарай тарта, көз арбап сезіміңді қытықтайды. Қызылды-жасылды гүлдері аралас көк шалғын аяғыңды құшып, қимастықпен қалып бара жатар еді. Арман қала ғой бұл! «Гүл қала, арман қала. / Мәңгі от боп жанған қала. / Көк-жасыл орман қала, / Алматым жүрегімде!» деген рас. Біздің жүрегіміздегі Алматы жастықтың мәңгі алауындай болып жалын ата құлпырып тұрады.
Шынтуайтында, көп уақыт өте қоймаған сияқты. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы... күні кеше емес пе, тәйірі, жастықтың жалауы әлі желбіреп тұрғандай. Көшедегі әр көріністе өз бейнең қалғандай адамның аңсары өткен күнге ауып тұрады-ау. Бұл әрине ескіні аңсау емес, жастыққа деген сағыныш болар. Тіпті, сағыныш болмаған күннің өзінде, жаныңа жазылып қалған жастық шақ әуендерінің көңіл тербейтін нәзік иірімдері жүректің қыл пернесін дөп басып, іште бұғып жатқан бұйығы сезімді селт еткізуі шығар. Әйтеуір Алматының берері алабөтен. Адамға берген бар сұлулыққа сүйсінгендей тау жақтан еркелей жеткен саумал самал тәніңді аялап, бойыңды балқыта түседі.
Гүлфайруздың жаны тым нәзік еді, бау-бақшада сайраған құстан да, гүлдері жайнаған тұстан да өзіне үндестік табатын. Әжесінің бауырында өскен қыз әр нәрсеге байыппен қарап, ақыл таразысына салуға дағдыланса да, албырт шақтың ала қашатын алақұйын сезімі алпыс екі тамырынан түгел бой көрсеткендей ғажап бір күйге бөленіп жүрді. Сабақ үлгерімі жақсы. Алматыға арман арқалап келген қыздың 1986 жылы оқуға түсіп, еліміздегі жалғыз Қыздар педагогика институтының қабырғасында білім алып, 3-курстың студенті болып жүрген кезі. Қаланың қоңыр салқын әдемі кештері мың бояулы күйге еніп, алабұртқан көңілді алыстарға жетелейді.
Қаладағы жоғары оқу орындарында өтіп жататын әртүрлі кештерге күн сайын болмаса да, арагідік барып тұратыны бар. Онда да жалғыз-жарым жорта беруді жөн көрмейтін, орнымен, ретімен келген қажетті шараларға ғана барушы еді.
Бір күні КазГУ-де қазақтың жыршылық, жыраулық дәстүріне арналған кеш өтетін болды. Гүлфайруздың КазПИ-де оқитын туған әпкесі Жұлдыздың кластасы Асқар Тұрғанбаев КазГУ-дің студенті еді. Жұлдыз екеуі сыныптас, бала күннен қатар жүріп бірге өскен жастар Алматыда да араларын суытпай жиі араласып тұратын. Не керек, бәрі бас қосып, студент жастар жиылып, КазГУ-де өтетін танымдық-этнографиялық кешке қатысты. Жерлестер ретінде Асқармен араласып жүрген Берікпен бетпе-бет келіп, осы жерде танысты. Бұрын сырттай аты-жөніне қанық болғанмен, жүзбе-жүз кездесеміз деген ойы болмаған.

Мәсі киіп келген жыршы
Гүлфайруз бен әпкесі Жұлдыз үшін, шынын айтқанда, қазақтың жыршылық-жыраулық дәстүрі деген тақырып жас кездерінен бастап-ақ жандарына жақын дүние болатын. Отбасындағы тәрбие – ата-әже, әке-шешенің берген бағыт-бағдары, бала кезден бойына сіңген дағдысы өнер десе елеңдетіп тұрар еді. Сыр өңірі – жыр өңірі екенін ес кіріп, етек жиғаннан көріп-біліп өссе де, дәл осылай тамсанып, таңғалатынын Алматыға келгенде аңғарды. Бұл өз ауылында қалыпты нәрсе сияқты көрінуші еді. Өйткені, әкесі де, әкесінің ағасы да, басқа туған-туыстары да – бәрі өлкеге белгілі ақын, шайырлар болды. Тіпті, бүкіл ауыл адамы бір-бір домбыра ұстата салса, жұлып алып термелете жөнелетіндей немесе ақындар айтысына суырылып шыға келетіндей көрінетін.
Бәлкім содан кейін шығар, газеттер мен теледидарда берілетін ақындар айтысы туралы, жыршы-термешілер жайындағы материалдарға көңіл бөліп жүруші еді. Жас кезінен топ жарып ортада жүрген Берік Жүсіповті де осы тұрғыда сырттай білетін. КазГУ-де өткен кештен кейін жақын танысып-білісіп, жиі араласа бастады. Араларында жақсы достық қарым-қатынас орнап, бір аймақтан шыққан жастар көп ретте бірге бас қосып жүрді. Екеуінің арасындағы достық қарым-қатынас пен үлкен сыйластық ұлғая келіп, үлкен қимастыққа айнала бастағанын өздері де аңғармай қалды.
1988 жылдың наурызында Берік консерватория жатақханасына қонаққа шақырғаны бар. Бәрі жиналып соның туған күнін атап өтті. Студенттік дастарханның қызығы көп қой, бірақ бәрінен бұрын есте қалғаны туған күн иесі Беріктің Гүлфайрузды жатақханасына дейін шығарып салғаны еді.
Арадағы бір жарым жылдай сыйластық, достық, сүйіспеншілік қарым-қатынаста достарының да өзіндік орны болды, Өмірбек Оразбаев, Фазылбек Бисенбаев, Серік Жұмағұлов, Өскенбай Көзбеков (марқұм), Асқар Тұрғанбаев, Мамай Ахетов, Серікбай Қосанов және басқалары – бәрі шетінен сен тұр мен атайын дейтін жігіттер болатын. Уақыты келгенде бәрі біртіндеп отбасын құра бастады. Ең алдымен әпкесі Жұлдыз бен Асқар бас қосты.
Бір күні елден – Сыр өңірінен теледидарға түсуге жалағаштық белгілі жыршы Байнияз Желдірбаев Алматыға келетін болды. Берік пойыздан күтіп алып, бәрі Асқардың үйінде бас қосты. Ауылдан мәсі киіп келген жыршы теледидарға түсуге барарда біраз абдырап қалды. Ол кісінің ойында ештеңе жоқ еді, «Оу, телевизорға мәсімен түсесіз бе, аға?» деп састырған өздері. Енді не істемек? Белгіленген уақыт болып тұр, ешқайда мойын бұрып үлгере алмайды.
– Аға, мынаны киіп алыңыз! – деді Асқар Тұрғанбаев көп ойланбастан өз топылайын ұсынып.
– Ойбай-ау, мынауың екі-үш елідей кең боп тұр ғой, – деді жыршы ағамыз киіп жатып. Әй-шәйға қарайтындай уақыт жоқ, Асекең алды да, ішіне нығыздап мақта толтырып берді.
– Болды! Қатып кетті! – деп қояды. Сөйтіп, теледидарға түсуге шығып кетті. Асқардың үйінде екі-үш күндей қонақ болған жыршының даусын Берік таспаға жазып алды. Аңқылдаған ақжүрек ағамыздың осылайша ауылға риза болып аттанғаны бар. Кетерінде жастарға жақсылап тұрып бата берді. Оңашада: «Әй, Берік, мына Жұлдыздың сіңілісінен көз жазып қалма. Өзі тәрбиелі, жақсы қыз сияқты», – деп ағалық ақылын айтуды да ұмытпады. «Мына шал пәле екен өзі!» деп Берік іштей риза болып қалды. Өзінің де ойында жүрген нәрсе ғой, мына сөз де түрткі болды ма, не керек, көпке созбай сөз айтып, 1990 жылдың 22 қыркүйегінде Гүлфайруз Беріктің етегінен ұстады. Алда алар асулар көп болатын, енді қалай болар екен деген ой екеуіне кіріп те шықпады... Олар өздеріне сенімді еді.

Бесікке жазылған бата
Алматыдағы орталық Неке Сарайында некесін қиып, атақты әнші Бекболат Тілеухан бастаған студент достары мен аға-жеңгелері Жайлау, Күләй (марқұм), Жарқын, Барлық (марқұм), Тасболат, Зайлағи – бәрі жатақханада той дастарханын жайып, жабыла ауылға шығарып салды. Ауылдағылар да әзірлік жасап отыр еді, ағайын-туысы, Беріктің өнердегі достары, ағалары Жалағаштан шаттана күтіп алды. Алдымен беташар той өтті. Елдегілер оны да ерекше үлгіде ұйымдастыруды қолға алған еді. Жыршы-термешілер мен айтыскерлердің ордасы емес пе, айтыс үлгісімен өткізуді қолға алған ел алдында жүрген Оңталап Нұрмаханов пен Бекұзақ Тәңірбергенов екеуі алма-кезек алмаса отырып, жас келіннің бетін ашты. Жаңаша түрде өткен беташарды қызықтаған жұртшылық кәдімгідей шын көңілден риза болды.
Тойда елді тағы бір елең еткізген нәрсе бар еді, Беріктің Оңталап, Бекұзақ, Ақниет, Мерон деген достары тойға сый ретінде Аралдан бесік ала келді. Бесіктің белағашына ойып жазылған:
«Бұл бесік – бақыт жүгін арқалатқан,
Айтумен бесік жырын әр таң атқан.
Ұлы тілек, ескерткіш қабыл алғын,
Бекұзақ, Мерон, Ақниет, Оңталаптан!», –
деген өлең бар. Жас келін «бақыт жүгін арқалатқан бесіктегі» өлеңді бесікке жазылған бата деп, жақсы ырымға балады. Бесіктен басталатын тәрбие менің басты ұстанымым болар деген ой көңілінде қылаң беріп үлгерді.
Алматыға келген соң, жас жұбайлардың біраз уақыт достардың, таныстардың үйінде жүре тұруына тура келді. Қайта, құдай оңдап сол жылы консерватория басшылары отбасылы студенттерге жатақхана беретін болып шешім қабылдап, екеуіне жатақханадан бір бөлме тиді.
«Сендерге әрдайым орын бар, / Ақ отау төріне қоныңдар! / Ақ тілек батамыз, мінеки, / Бақытты болыңдар! Болыңдар!»... Жаңадан шыққан осы ән әлі көпшілікке кеңінен тарала қоймаған кез ғой, отау құрған жастардың да абыр-сабыры әлі басыла қоймаған еді. Қараша айының басында Алматыда Қызылорда облысы күндерінің аясында үлкен іс-шаралар өтетін болды. Оған еліміздің барлық аймақтарынан айтыс ақындары ағылып келіп жатты. Дүбірлі той болғалы жатыр. Алматыдағы өнер иелерінің де құлағы көтеріліп тұр. «Кімдер келеді екен? Қалай өтер екен?» деген толқыныстар сол кезгі жағдайларға тән болатын. Сыр жақтан нөкерлерімен бірге әйгілі айтыс ақыны Манап Көкенов келді дегенді естігенде, күйеуі кәдімгідей балаша қуанды. Сырдан келгендердің ішінде Мақашу Әбжанов, Жәдігер Тұрсынов, Кәдірхан Махмұтов, Оңталап Базаралиев, тағы басқа бірталай өнерпаздар бар. Сабақтарының арасында Берік жатақханаға жүгіріп келді:
– Манап ағаны шақырып, батасын алайық! – деді, әй-шәй жоқ. Аядай ғана бір бөлме ғой, «Жатақханаға шақырғанымыз қалай болар екен!» деп ойлаған да жоқ, келе ме, келмей ме дегенге де бас қатырмады. Шын ықыласпен көңілдері құлап тұрғаны айдан анық еді. Оның үстіне, бірінің айтқанын екіншісі қолдай кететін бал сезімнің шарабына мас болып жүрген уақыт қой, шіркін, аста-төк әзірліктері болмаса да, білек сыбана кірісіп кетті. Бөлмені жуып-шайып дайындап, базарға барып қой алып келді, тәтті-пәттісі тағы бар. Түс қайта қонақтарды жайғап жіберетіндей дастархан дайын бола қалды.
Кешкісін күткен қонақтары бір адамдай болып келе қалды. Шағын бөлме есікке дейін адамға толып кеткен, дастарханды да есікке жеткенше жайып тастаған еді, Манап Көкеновті көргісі келген студенттер есіктің арғы жағынан кимелеп, бір-бірінің үстіне шығып таласып жүр. Келген қонақтардың ішінде домбырашы Рахадин мен жұбайы Сараш, жыршы Жеткерген Жиенбаев, фотограф Жүсіп Ерғалиев, әнші Жанар Айжанова мен Қыдырәлі Болманов та бар болатын. Жастар жағы аттары дүрілдеп шыға бастаған соларды көруге де құмар еді. Алдына жан салмайтын айтыс ақыны тапқыр сөздері мен уытты әзілдерін, қағытпа қалжыңдарын айтып, келгеннен кеткенше айналасындағылардың езуін жидырмады. Несін айтасың, әйтеуір бір әдемі естен кетпес отырыс болды.
Манап аға алдына келген қойдың басын әспеттеп ұстап, бір көзін алып Гүлфайруздың өзіне ұсынды. Соңынан батасын беріп, енді отау құрған жастарға өзінің ризашылығын білдірді. Түннің бір уағына дейін отырған қонақтармен қимай қоштасты. Кетерде Манап аға тағы да батасын аямай беріп, көңілді бір жайландырып тастады.
– Берік, Манап ағаның батасын алған адам жаман болмайды. Егер келін ер бала тапса, атын Манап қоярсың, – деді осы кезде Жәдігер Тұрсынов.
Қонақтар кеткен соң, «Манап аға ұстаған бас» деп, тастамай, жатақхана терезесінің алдына іліп қойды.
Сол кездері Манап Көкеновтің 60 жылдық мерейтойы аталып өтетін болды. Қызылорда облысының бүкіл ауданында осыған орай шығармашылық кездесу кештері ұйымдастырылып, үлкен шаралар өтті. Берік барлық жерде Манап ағасының шашбауын көтеріп қасында бірге жүрген болатын. Үлкенге деген құрмет жақсы кездер еді ғой, Аралдан басталған шығармашылық кештерге қысқы каникулын пайдаланып барып қайтты. Таңға дейін Оңталаптың үйінде қонақта отырып, жыр мен әңгіме тиегін ағытқан ағалар таң ата ғана тарасады. Сол сәтте Жәдігер аға Берікке қарап тағы да: «Берік, келін ер бала тапса, атын Әбілхан қоярсың!», – дейді. Алматыға келген соң, ол туралы Гулфайрузға айтып: «Екеуі де тегін адам емес, көпшіліктің алдында айтылған соң, сол кісілердің атын қою керек», – деп ойланып жүрді.
Келесі 1991 жылы жазда Гүлфайруз оқуын тәмамдап, дипломын алып, екеуі ауылға, ары қарай Аралға қыдырып барды. Абыз ақсақал Әбілхан Маханов ағаның үйіне барып, арнайы сәлем беріп шықты. Әбілхан аға бұлардың келгеніне қуанып, басын көтеріп біраз әңгіме айтты. Кешке қарай пойызға шығып, қайтар жолда Қызылордаға түсті. Ойында ештеңе жоқ, сәлем беруге Жәдігер ағаның үйіне соқты. Бұл кезде белгілі режиссер Жәдігер Тұрсынов ауруханада әл үстінде жатқан еді, Бағым апаймен жүздесіп, бірден ауруханаға тартты. Ауру меңдеп, көңіл күйі онша болыңқырамай жатса да, басын көтеріп әңгіме айтқан Жәдігер аға Гүлфайруздың аяғы ауыр екенін байқаған болу керек, кетер кезінде Берікке:
– Берік, әлгі айтқандар есіңде ме? – деп, қайта бір ойына салып қойды. Ондай нәрсені ұмытушы ма еді, ол да салтқа, дәстүрге берік жігіт қой, оған ауырлау тигені екі адамның бірдей атын қоярсың деп айтқаны еді... Бірінің атын қойып, екіншісін кейінге қалдыруға тағы болмас деп ойлады. «Алдымен ұл туса...» деген ішкі тілегімен айтқаны тағы бар. Ер адам алғашқы баланың ұл болғанын қалайтын әдеті емес пе, Берік жақсы ағалардың батасы мен тілегі келе қалса, тұңғышының атын солардың атымен атауға бел буды. Құдай сәтін салып, сол жылғы қарашаның соңында Гүлфайруз шекесі торсықтай ұл тапты. Күйеуі көп ойланып-толғанып, әкесінің келісімін алып, атын Әбілманапхан қойды. Сөйтіп екі дүлдүлдің де атын қосып, ағаларының алдында берген уәдесін орындады.
Өкініштісі сол, Манап Көкенов те, Әбілхан Маханов та, Жәдігер Тұрсынов та сол жылы күзде бірінен кейін бірі дүниеден қайтып кеткен еді... Аңқылдаған ақжүрек ағалардың жас баладай пәк те аңғал бейнелері Гүлфайруздың есінде мәңгі сақталып қалды.

Әнуарбек Әуелбековтың фейсбук парақшасынан
07 желтоқсан 2018 ж. 754 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области