Уақыт белдеуі бір сағат кейінге өзгергенінен ұтарымыз көп
Жақында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдегі уақыт белдеуін бір сағат кейінге өзгерту туралы мәлімдеме жасаған болатын. Ал сағат тілінің бір сағатқа кері жылжуына қарсы уәж айтып жатқандарға қоғам белсендісі Болат Нұрхожаев өзінің фейсбук парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Өз уақыт белдеуімізге оралу туралы Үкімет шешімі шыққалы отырғанда әлеуметтік желіде қойылып отырған бір сұраққа жауап жазған дұрыс шығар деймін. Сағат тілі кері қайтарылуына жалғыз уәжді қарсылық – ол түстен кейін оқитын балалардың жарты сағат кеш қайтатыны еді. Оның жауабын осы жылдар бойы ғалымдар дәлелімен талай айтып та келдім. Ол кезде өзім айтпағанда оны кейбіреулер тіпті білмейтін де еді, енді соны алға тартып, қайтпас қарсыластар бала "жанашыры" болып ұпай жинағылары келіп отырған сияқты. Бірақ олардың неге тап қәзір қарсы болып жүргенін зерделей білетіндер топшылап отыр», – дейді Болат Нұрхожаев.
Ол өзінің бұл жазбасы уақыт белдеуінен хабарсыз жандарға арналатынын айтады.
«Біріншіден, қазіргі кезде де балалар онсыз да қараңғыда қайтып жүр.
Екіншіден, таңертеңгі балалар да тас қараңғыда мектепке барады. Ал таң атпай тұру баланың қауіпсіздігі ғана емес оған психологиялық зорлық, денсаулығына зиян. Әсіресе ми жүйесі ауруларына, суицид жағдайына сеп. Түстен кейінгілерге ондай зиян жоқ. Яғни ғалымдар зерттеуі бойынша біз екі зияндының мейлінше аз әсер ететінін алуымыз керек.
Үшіншіден, біз неге бала қауіпсіздігіне алаңдаймыз? Дұрыс, қәзір неадекваттар, психологиялық ауруға ұшырағандар, маскүнем мен наркомандар көп дейміз. Ал екі еселенген декреттік уақыт осының бәріне себеп екені, тәуелділік артатыны, тіпті адамның мінез-құлқының ең жаман конфликтілік, ашушаңдық, өтірік айту сияқты мінезін өршітетіні зерттеулермен дәлелденген.
Төртіншіден, өз биологиялық уақытынан ерте тұру баланың ойлау, есте сақтау, интеллект, эрудиция, білім сіңіру, еңбекке қабілеттік сынды қасиетттерін түсіреді. Оның неге соқтыратынын өздеріңіз де түсінерсіздер.
Бесіншіден, жазды күнгі каникулдың өзінде күн кеш бататындықтан балалар кеш жатып кеш тұрады, яғни бала кезден ұйқышылдық пен жалқаулыққа бейім болады, қысқы стресс пен депрессияға дайындықсыз, тынығусыз кіреді.
Алтыншыдан, адамның денсаулығы ары қарай мықты болуы оның 15-20 жасқа дейінгі балалық кезінде қалыптасады.Ал декреттік уақыттан зардап шегетін 20 жасқа дейінгі балалар мен 45-тен асқан ересектер.Бұл проблемада түрлі пікір болуы да сондықтан. Бірақ қəзіргі орта жастағы адам ертең егде тартатынын, балалы болатынын көп жағдайда тап қазір ескермейді.
Жетіншіден, декреттік уақыт қан айналым жүйесі бұзылуы, себепсіз бас ауыру, бедеулік, белсіздік, іштен ақаумен туылу, түсік, баланың дұрыс бітпеуі тб гендік ауытқулар себебі. Яғни еліміздегі демографиялық ахуал ғана емес балаңыздың ертеңгі болашағы. Бір өкініштісі, бізде осыларға гендік бейімділік те басталып кеткен шығар.
Айта берсең көп. Декреттік озық уақыттан адам организмінде аурушаңдыққа, оның ішінде ең қауіпті созылмалы ауруларға ұшырамайтын бірде-бір органы жоқ, өмірінде әсер етпейтін бір де бір саласы жоқ» деген ғалымдар тұжырымы бұның қаншалықты зардапты екеніне, ғалымдар бұны неге «Ұлт қауіпсіздігі проблемасы», «Жаппай қыру қаруын қолданумен", «Хайуандық эксперимент» пен «Адам өлтірушіге» теңегенін түсіну үшін жеткілікті шығар деп ойлаймын», – дейді Болат Нұрхожаев.