№1 шахматшы Қызылордада бірмезгілді ойын-сеанс өткізді (фото)
Халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова алғаш рет Қызылордада бірмезгілді ойын-сеанс өткізді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Еліміздегі №1 шахматшымен ойын Студенттер сарайында болып өтті. Астаналық шахматшы бірмезгілде 25 жеткіншекпен ойын өткізді.
Динара Садуақасова шахматтан 4 дүркін әлем чемпионы. Ол әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер.
Динара Сәдуақасова шахматта ойнауды бес жасында үйреніп, шахмат үйірмесінің табалдырығын 10 жасында аттаған. Динара шахматтан басқа музыка, теннис, жүзумен айналысады. Орта мектепті үздікке тәмәмдаған ол 11 жасында музыка мектебінің фортепиано класын үздік дипломмен бітірген.
«Біз Динарамен шахматтан ұлттық құрама командасында бірге ойнадық. Менің ойымша, бұл ойын-сеанс көптеген қызылордалық шахматшыларға үлкен жетістік болып саналады. Осы ойын арқасында шахматқа деген қызығушылықтары арта түседі», - дейді шахматтан жасөспірімдер арасында 3 дүркін әлем чемпионы Әсел Серікбай.
Сеанс барысында Динара Сәдуақасова жас шахматшылармен тек ойын жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге түрлі тәсілдерді үйретіп, оларға шахмат туралы кеңінен ақпарат берді.
Динара Сәдуақасова үздік ойын көрсеткен шахматшыларға сый жасауды да ұмыт қалдырмады. Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып жазған «Шахмат ойнап үйренейік» атты кітабын өзінен кейінгілерге тарту етті. Бұл әдістемелік жинақ қазақ тілінде жарық көрген.