Қызылордада жаңа жылдық шырша жағылды
Қызылорда қаласының орталық алаңында жаңа жылдық шыршаны жағу рәсімі өтті. Шыршаның биіктігі - 23 метр, ені - 10 метр, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев тұрғындарды келе жатқан мерекемен құттықтап, 2018 жылды қорытындылап өтті.
«Барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. Индустрияландыру картасының аясында жүзеге асырылған 22 жобаның бүгінгі күні 17-сі өнім шығаруды қамтамасыз етуде. Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада өткен телекөпір аясында Шиелідегі тампонажды цемент зауыты іске қосылды. 2018 жыл қорытындысы бойынша Қызылорда облысы «Бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір» деп танылып, Мемлекет басшысы "Алтын сапа" сыйлығын табыстады. Өңірімізде 2018-2020 жылдарды жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жариялануы осындай жетістіктерге жетуімізге зор мүмкіндік беруде»,-деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Қызылорда облысы - халықтың жан басына шаққандағы әлеуметтік саланы қаржыландыру бойынша республикада көшбасшы. Бірқатар көрсеткіштер бойынша, оның ішінде құрылыс жұмыстарына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және т. б. инвестиция көлемі бойынша өсім байқалады.
Облыстың бас шыршасын жағу мәртебесі өңіріміздің мақтаныштары - "Men qazaqpyn-2018" ұлттық мегажобасының жеңімпазы жыршы Күнсұлу Түрікпен, парадзюдо бойынша бірінші қазақстандық әлем чемпионы Олжас Оразалыұлы мен "Мұрагер" мектебінің 11 сынып оқушысы, "Air Astana" және "Самұрық қазына" ұйымдастырған халықаралық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Евгений Демиденкоға табысталды.
Мерекелік іс-шара концертпен жалғасты.
Айта кетейік, аудандарда биіктігі 10 метр болатын 5 шырша, сондай-ақ, диодтық жарық шамдар мен билбордтар орнатылды.
31 желтоқсан күні кешке орталық алаңда мерекелік гала-концерт ұйымдастырылады.