«ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІНЕ» ОНЛАЙН ДАУЫС БЕРУ 18 ҚАЗАНДА БАСТАЛАДЫ
Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасына келіп түскен 2112 адамнан 300 үміткер таңдалып алынды. Бұл туралы бүгін ОКҚ-да «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, «Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру бағытындағы бағдарламалардың бірі - 100 жаңа есім жобасы. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, қатысушыларды іріктеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. 7 маусымнан қыркүйек айына дейін жобаға 2112 үміткердің өмірі туралы мәлімет келіп түскен болатын. Жұмыс тобы мен сарапшылар жұмысты аяқтау соңында интернетте дауыс беру үшін 302 адамды таңдап алды», - дейді Алан Әжібаев.
Вице-министрдің айтуынша, онлайн дауыс беру 18 қазанда басталып, 10 қарашада аяқталады.
«Біз барша халықты өз таңдауларыңызды жасауға шақырамыз. Олардың әрқайсы - өмірі үлгі боларлық адамдар», - дейді вице-министр.