ТЕҢІЗ ТЕБІРЕНТКЕН ҚАЛАМГЕР
«Теңіз тебіренткен қаламгер». Бұл тіркес аңқасы кепкен Аралдың мәселесін шығармашылығына арқау еткен Сайлаубай Жұбатырұлына арналған.
Туған жердің талайлы тағдырына тебіренген жазушы, эколог биыл жетпістің желкенін керді. Мерейлі кезеңге орай облыс орталығында теңіз тұлғаның шығармашылық кеші өтті.
Сайлаубай Жұбатырұлы – қабілетін қаламмен қауыштырған абыз Аралдың арда азаматы. Теңіз тағдырының ақберені жастайынан «Ұлы теңіздің жоқшысы» атанып кеткен. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, кез-келген шығармасы туған өлкенің өзекті мәселесімен қабысады. Мәселен, бір ғана «Абыржы» романы оқырман қауымға ой саларлық құнды дүниеге айналды.
Расында да Сайлаубай Жұбатырұлы өскен өлкесінің мұң-мұқтажын қал-қадірінше жазып, жеткізе білген қайраткер. Сондықтан кеш барысында қаламгердің өмір жолынан сыр шертетін «Арал және жазушы» тақырыбында түсірілген деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Сондай-ақ, қалалық «Жастар» театрының актерлары жазушының әр кезеңдегі болмысын көрсететін қойылым ұсынды. Бұл ұрпақ сабақтастығын айғақтайды.
Келелі кеште жазушының қарым-қабілеті, азаматтық болмысы мен жалынды жастарға өнегесі сөз болды. Ал Сыр бойының сөз ұстаған ақындары ойлы пайыммен Жұбатырұлын жырға қосты.
Теңіз тебіренткен талант жетпістің желкенін керген шақта осылай абыздыққа қадам басты. Бұл оның шығармашылық шырағын шынайылықпен жағып, өз ұстанымынан танбауының жемісі.
Міне, бұл Аралдың айсбергі ұстанған өмірлік дағды. Осы болмысымен әдебиет әлемінің мұң-мұзына мойынсұнбай келеді. Әлі де жазары көп. Енді оған жаңа серпінмен кіріспек.
kyzylordatv