Жаңа туған сәбиді SMS арқылы тұрақты мекенжайға тіркеуге болады
Kyzylorda-news.kz. Жаңа туған сәбиді проактив тәсілмен тұрақты мекенжайға тіркеуге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттік корпорациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, дүниеге бала келгенде проактив тәсілмен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізіміне мекенжай бойынша тіркелу қызметін қосты. Бұл мемлекеттік корпорацияның бастамасымен ҚР ІІМ мен Әділет министрліктері дерекқорларын интеграциялау нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Бұдан былай жаңа босанған әйелдерге баланың туу туралы құжатын жасатып, балабақша кезегіне тұру және жәрдемақы алуға ұсыныс білдіретін смс-хабарламамен бірге жаңа туған сәбиді мекенжайға тіркеуге қоюға мүмкіндік беретін хабарлама қоса жолданады.
«Проактив тәсілі азаматтарға ешқайда шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар енді ғана сәбилі болған ата-анаға ХҚО-ға бармай, баланың бар құжаттарын реттеуге көмектеседі. Бар қажеті - телефонға келген SMS-ке жауап беру ғана», - дейді мемлекеттік корпорацияның төрайымы Әсемгүл Балташева.
Ереже бойынша дүниеге келген сәбидің ата-анасының біріне екі апта ішінде мекенжай тіркеуіне тұру жөнінде смс-ұсыныс жолданады. Жауап берілген жағдайда баспана иесі өз мекенжайының тіркеу кодын енгізуі тиіс. Пәтер не үй баланың ата-анасының атында болмаған жағдайда баспана иесінің ЖСН қоса жолданады. Бұл ретте, проактив тәсілмен жолданатын келте хабарламаны алу үшін баланың ата-анасының бірі міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелуі керек.
Айта кетейік, 1,5 жыл бұрын іске қосылған проактив тәсілімен 70 мыңнан астам баланың туу туралы құжаты беріліп, 13 мың бөбек балабақша кезегіне тұрғызылды.