Сығанақты зерттеу барысында бірқатар жаңа деректер анықталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы аумағында орын тепкен Сығанақ қалашығында биыл археологиялық зерттеу барысында ғалымдар бірқатар жаңа деректі анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Археологиялық зерттеу шарасы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында жүргізілді. Осы орайда, Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы биылғы жылғы 16 қаңтарда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетімен меморандум жасады. Оның аясында Сығанақ қалашығында зерттеу, сақтау және пайдалану бағытында маусым айында археологиялық зерттеу шаралары жүзеге асты.
Қазба жұмыстары Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті археология ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаевтың жетекшілігімен жүргізілді. Экспедицияға Археология ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері, тарих кафедрасының студенттері және Қызылорда облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасына қарасты «Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау» мекемесінің мамандары қатысты.
«Сығанақ қаласы - Сырдың орта ағысындағы астаналық мәртебеге ие ортағасырлық қала екендігі белгілі. Сондықтан қала аумағында әр кезеңнің би-сұлтандары мен хандары жерленген ірі кесенелер орны көптеп кездеседі. Биыл меморандум бойынша жасалған археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қалашықтың батыс бөлігінде орналасқан төбенің кесене екендігі анықталып отыр. Қазба барысында табылған сырлы қыш қаптамаларға, керамикалық ыдыстарға және қыштардың пішіндеріне қарап, бұл құрылыс XIII-XIV ғасырларға жататындығы туралы алдын ала болжауға болады», - деді экспедиция жетекшісі Сәйден Жолдасбаев.
Алдағы уақытта көне қалашықта толыққанды қазба жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл игілікті істердің ортағасырлық Сығанақ қаласын мұражайға айналдыру бағытында қосатын үлесі өте жоғары болады.