Мемлекет және қоғам қайраткер Нариман Қыпшақбаев 85 жасқа толды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Нариман Қыпшақбайұлын мерейтойымен құттықтады.
Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығының бұрынғы министрі Нариман Қыпшақбаевты әріптестері 85 жасқа толған мерейтойымен және су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтады.
Аймақ басшысы Нариман Қыпшақбайұлының еңбек жолы учаскелік инженер-гидротехник қызметінен басталғанын атап өтті. 1974 жылдан тәуелсіздік алғанға дейін Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін басқарды. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 1990 жылы Су ресурстары мемлекеттік комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Тәуелсіздік жылдары Су кодексі жобасының әзірленуіне жетекшілік жасап, Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Қытай мемлекеттері арасында трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын пайдалану жөнінде халықаралық ұйымның құрылуына, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің президенттерімен құрылған Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылуына үлесі зор.
«Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы бірінші фазасының жүзеге асуына Нариман Қыпшақбайұлының ерекше үлес қосқандығын Арал өңірінің тұрғындары жақсы біледі. Зейнетке шыққаннан кейін де жиған-терген бай тәжірибеңізді ізіңізден ерген жастарға үйретуден жалыққан емессіз. Соның ішінде, Сыр өңірінің су шаруашылығының өзекті мәселелерін шешу жұмыстарына да аянбай атсалысып келесіз», - деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, әріптестері мен су шаруашылығының ардагерлері Серікбай Сағымбаев және Бегеш Жақып мерейтой иесіне жылы лебіздерін жеткізді.
Өз кезегінде, Нариман Қыпшақбайұлы облыс басшылығы мен замандастарына құрмет көрсеткені үшін алғысын білдірді.