Қазалыда жаңа медицина орталығы ашылды
Kyzylorda-news.kz. Әйтеке би кентіндегі орталық көшелердің бірінен жаңа кәсіпкерлік нысан ел игілігіне пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Бүгінгі таңда Қазалыда 4288 кәсіпкерлік субъектілері бар. Оның 600-ге жуығы биыл ғана тіркелгендер. 2019 жылдың алғашқы алты айында ауданымызда «Exclusive», «AryNaz» сауда үйлері, «RR» мейрамханасы, «Аянат» ойын-сауық орталығы, автокөлікке қызмет көрсету орталығы, өндірістік аймақтан жылыжай кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін біршама кәсіпкерлік нысандары іске қосылады деп күтілуде. Олардың қатарында көкөніс сақтайтын қойма, жанар-жағармай құю бекеті, сауда орталықтары және басқа да оннан аса кәсіпкерлік нысандары бар.
«Міне, біз бүгін кәсіпкер Айнұр Тұрымбетованың «Nur-Med.kz» медицина орталығының ашылу рәсімінің куәсі болып отырмыз. Екі қабатты бұл ғимарат кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен пайдалануға берілуде. Ерекше атап өтетін жайт – мұнда 11 адам жұмыспен қамтылады, – деген аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлы кәсіпкердің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін фармацевтика саласында 40 жыл еңбек еткен Шамшагүл Көшекбаева, «Мерей» дәріханасының меңгерушісі Құрманқұл Әуез сөз сөйлеп, жаңа ғимараттың тұсаукесер рәсімі жасалды.
Айта кетейік, жеке кәсіпкер АйнұрТұрымбетованың «Nur-Med.kz» медицина орталығының екінші қабатында «Арсен Дент» тіс емханасы, ветеринарлық дәріхана және балаларға арналған кәсіби массаж бөлмесі бар. Ал, ғимараттың бірінші қабатында «Nur-Med.kz» дәріханасы орналасқан. Алдағы уақытта кәсіпкер халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін күндізгі ем қабылдау орталығын ашуды да жоспарлап отыр.