Қазақстандықтар жылына 2 рет емхана ауыстыра алады - министр
Kyzylorda-news.kz. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тұрғындардың емханаға тіркелу тәртібі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз қағаз жүзінде тіркеуден бас тарттық, себебі онда кемшілік көп болды. Тұрғындардың өзіне айтпай, сыртынан тіркеп жіберетін сәттер болды. Өзім де сондай оқиғаның құрбаны болдым. Мені басқа облысқа тіркеп қойған. Адамдардың өзі емханаға барып, тіркелмегендіктен осындай мәселелер орын алады. Мен де аталған оқиғадан кейін Нұр-Сұлтан қаласының ауруханасына тіркелдім. Әр адам өз денсаулығы үшін жауапкершілікті түсінуі қажет», - деді министр журанистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, емханаға тіркелу арқылы халық бірнеше мәселені шеше алады.
«Бұл мәселені болдырмау үшін әкімдіктерге тапсырма бердік. Әрбір емханада халықтың E-gov арқылы тіркелуіне көмектесетін адамның отыруын тапсырдық. Электронды цифрлық қолтаңбаға үйреніп қалдық, дегенмен оны қолдана алмайтын қарт адамдар бар. Сондықтан, емханаға тіркелуде көмек сұрағандарға жәрдем берілуі тиіс», - деп атап өтті Елжан Біртанов.
Сонымен бірге, министр емханаға жылына екі рет тіркелуге болатынын жеткізді.
«E-gov порталына кірсеңіздер, «Электронды құжат» терезесі пайда болады. Онда қай емханаға, қай дәрігерге тіркелгеніңізді көре аласыз. Әзірге жылына екі рет қайта тіркелу мүмкіндігін беріп отырмыз. Тіркелу туралы ақпарат бізге келіп түседі де, жан басына қаржыландыру тәртібімен емханаға қаражат аударамыз. Мұны күн сайын бақылап отыра алмаймыз, сондықтан жылына екі рет емхана ауыстыруға мүмкіндік беріледі», - деді Елжан Біртанов.