Ауылшаруашылығы саласының кәсіпкерлері оқытылуда
Kyzylorda-news.kz. «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған «Біліктілік орталығы» ЖШС Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірге ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін көтеруге арналған шараларды жалғастыруда. Бұл туралы Палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаның мақсаты – шаруалар мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып ауылшаруашылығының дамуына мүмкіндік жасау арқылы өнім көлемін арттыру болып табылады. Осы жылы облыс бойынша 5 семинар өткізу көзделуде.
«Осы өткізіліп отырған семинарға облыстан су мамандарынан бастап шаруашылық басшыларына дейін келіп біліктіліктерін жетілдіруде. Шара барысында спикерлер салаға қатысты соңғы ғылыми жаңалықтармен таныстырып өтуде. Өздеріңіз де білесіздер, шаруа адамдар іспен тәжірибе жүзінде айналысып, теориямен танысуға уақыт таба бермейді. Осындай семинарлар ғылыми-инновациялық тәжірибелермен танысудың таптырмас жолы», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Алма Пірманова.
Ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге арналған оқыту-семинарында кәсіпкерлер ауылшаруашылығы өнімдері бойынша аз шығын жұмсай отырып, мол өнім алудың жолдарымен, жаңа технологияларды пайдалану тәсілдерімен танысты.
«Бұл семинарда біз жаңалықтарды шаруашылыққа енгізуді үйреніп отырмыз. Семинар теорияны практикамен ұштастыруымен құнды. Семинарды өткізуші азаматтар егістіктің басына апарып көрсетіп жатыр. Көзбен көріп, қолмен ұстағаннан кейін өзіміздің шаруашылыққа енгізуде қиындықтар бола қоймайды деп ойлаймын», - дейді кәсіпкер Керімхан Егізбаев.
Орталықтың ұйымдастыруымен өтетін семинарлар тамыз айында етті мал шаруашылығы бағыты бойынша Жаңақорған ауданындағы «Заман ата» шаруа қожалығында «7kz», «Сыр табиғаты» шаруа қожалықтарында, ал жеміс-жидек, бақша дақылдарына қатысты оқыту Қызылорда қаласындағы жеке кәсіпкер «Жас Агрода» жалғасатын болады.
Семинарға қатысуға ниетті азаматтар Кәсіпкерлер палатасының мына телефонына хабарласуға болады - 8 /7242/ 40-09-81.