Жапон студенті диплом жұмысын жазу үшін Қызылордаға келді
Kyzylorda-news.kz. Жапон елінің Токио Университетіндегі шетел тілдері бөлімінде оқитын студент Такуро Оучи диплом жұмысын жазу үшін арнайы Қызылорда облысына келді.
Диплом жұмысын жазу барысымен келген студент ең алдымен Қорқыт ата кесенесіне барып, одан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тынысымен танысты.
Болашақ филолог Такуро Оучи Қазақстанға деген махаббаты мен құрметі жапон тіліне аударылған «Алпамыс батыр» эпосын оқығаннан кейін ашылды дейді. Сол кітаптан әсер алып, қазақ мәдениеті жайлы білгісі келген Такуроға осыдан екі жыл бұрын білімін шыңдау үшін Қазақстанда болу мүмкіндігі туған. 10 айға созылған оқудың берері мол болып, студент қазақ тілін жетік меңгеріп шыққан.
Сәуір айында «Хабар» телеарнасында Такуро жайлы жаңалық жарияланып, студент берген сұхбатында Қорқыт ата жайлы зерттеп жүргенін және диплом жұмысын жазу үшін Қызылорда облысына баруды жоспарлағанын айтып өткен болатын. Ол үшін Такуро біраз еңбек етіп жүргенін және осылайша ақша жинап Қазақстанға келгісі келетін арманын айтқан. Осы күні оның арманы орындалып, қуанышында шек жоқ. Оған қоса, болашақта магистр біліктілігі бойынша білімін шыңдау үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін таңдауы мүмкін екенін айтып өтті.