Премьер-министр Арыс тұрғындарына көмек көрсеткен Сыр жұртшылығына алғыс айтты
Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда өңірдегі құрылыс компаниялары жарылыс салдарынан зардап шеккен Арыстағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын толық аяқтады. Бұл туралы мәслихаттың 35 кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов хабарлады.
"17 тамызда Президент тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин Түркістан облысында жұмыс сапармен болды. Жұмыс сапары барысында Асқар Ұзақбайұлына Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндадым. Сыр құрылысшыларына және халқына қиын жағдайда қалған Арыс тұрғындарына қолдау жасағаны үшін Премьер-Министр өз ризашылығын білдірді", - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі, өз кезегінде, Арыс қаласындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жылдам әрі сапалы орындағаны үшін құрылысшыларға алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, онда жөндеу жұмыстарының нәтижесін көріп қайтты. Қызылорда облысына Арыс қаласындағы № 6 аймақ бөлінген, онда 14 көшеде 268 тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 10 әлеуметтік нысан орналасқан.
Бүгінгі күні қалпына келтірілмейтін үйлердің бірі бұзылып, оның тұрғындары үшін жаңа үй сатып алынды, басқа үйдің тұрғындары үшін (93 жастағы әже, оның 60 жастағы мүгедек ұлы және 19 жастағы немересі) және бір аулада тұруға жарамсыз 2 үйдің тұрғындары үшін жаңа тұрғын үйлер сатып алынды. Қалған 264 үй толығымен қалпына келтірілді.
Қалпына келтіру жұмыстарын орындау үшін 20 құрылыс компаниясы жұмылдырылған болатын. Бүгінгі таңда Қызылорда облысына бөлінген жұмыстар толығымен аяқталған.