Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сапарбаевты не үшін мақтады?
Kyzylorda-news.kz. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында күні кеше ғана Премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалған Бердібек Сапарбаевты жаңа лауазымен құттықтап, оның еңбегіне ерекше тоқталды.
Кеңейтілген отырыста Елбасы әкімдерді халыққа жақын болуға шақырды. Осы орайда ол өңір басшыларына әр жылдары төрт облысты басқарған Бердібек Сапарбаевты үлгі етті.
"Бердібек Мәшбекұлы, барлығының атынан сені вице-премьер қызметіне тағайындалуыңмен құттықтаймын! Баяғыдан бері осы жер сенің орның еді. Төрт облыста әкім болдың. Мынаның бәрін көрдің ғой. Сол кезде халықтың арасында жүрдік қой. Елмен сөйлесіп жүрдік, халық айтқанымызды түсініп жүрді. Солай емес пе, солай", - деді Н.Назарбаев.
Елбасы әкімдерге халықты мазалайтын мәселелерді жедел шешуді тапсырып, партияның қоғамдық қабылдауларының жұмысын жандандыру қажет екенін айтты.
"Премьер-министр, министрлер, барлық деңгейдегі әкімдер, мемлекеттік орган басшылары – барлығы халықпен бетпе-бет кездесіп, мұң-мұқтажына құлақ асуы керек", - деді ол.