Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен Нұрман Талқанбаев Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды.
Талқанбаев Нұрман Бақбергенұлы 1960 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.
1983 жылы «экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша Қарағанды кооперативтік институтын бітірген. 2002 жылы «құқықтану» мамандығы бойынша Оңтүстік Қазақстан ашық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1977 жылы Қызылорда облысы, Қазалы аудандық тұтыну одағының жұмысшысы ретінде бастаған. Одан кейінгі жылдары Қазалы ауданы, Бөзкөл совхозында сауда мекемелерінде бас бухгалтер, аталған совхозда жұмысшылар кооперациясының басқарма төрағасы, 1991-1995 жылдар аралығында Қазалы аудандық кооперативтік дайындау мекемесінің директоры қызметтерін атқарған.
1995-2007 жылдары Қазалы ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу және сауда басқармасының басшысы, Жалағаш және Қазалы аудандарының әкімі болған.
2010-2012 жылдары – «Казаэросервис» акционерлік қоғамының директоры, 2012 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы статистика департаменті басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келген.