ҚЫЗЫЛОРДАДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында энергетика саласын дамыту жұмыстары Сыр өңірінде жүйелі атқарылып келеді. Қазіргі уақытта ескірген жарық желілерін жаңғыртуға басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды 24 kz.
Соңғы екі жылда облыста 100 шақырымнан астам иесіз электр желілері жаңартылып, меншікке алынған. Электр кернеуінің қалыпқа келуі арқасында қала аумағындағы саяжай тұрғындарының да тұрмысы түзелген. Аймақта халық санының артуына орай инфрақұрылым тартылмаған жерлерге қоныстанушылар қатары артқан.
Соның бірі - Сабалақ саяжайы. Мұнда кезінде 100 дей ғана үй болған. Ал қазір 3 мыңдай тұрғыны бар үлкен елдімекенге айналды. Алайда олар кезінде өз күштерімен «жабайы» электр желілерін тартып алғанмен, жарықтың кернеуі өте төмен еді.
- Мен Сабалаққа көшіп келгеніме 12 жыл болды. Сол біз көшіп келген кездерде бұл жерде ешқандай линия деген ештеңе болмаған. Кәдімгі майшаммен отқанбыз біз басында. Содан халық болып бірлесіп, өзіміз қолдан құрама подстанса жасап, сөйтіп күн көрістің қамын жасап, өзіміз линия жасадық, – дейді Сабалақ саяжайының тұрғыны Гүлсәнім Аукенова.
Соңғы жылдары облыста осындай заңсыз тартылған электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүруде. Өзекті мәселені шешу үшін биыл да жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, 26 шарықымнан астам тиісті талапқа сай жарық желісі жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 4 қосалқы станса орнатылатын болды. Электр кернеуінің қалыпқа келуі Сабалақ, Эдельвейс сияқты қала аумағындағы саяжай тұрғындарының да тұрмыс сапасын жақсартты.
«Қызылорда электр тораптары компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Мұүхитжан Кәрімбаевтың айтуынша, соңғы екі жылда облыста 100 шақырымнан астам иесіз электр желілері жаңартылып, меншікке алынған. Мәселен Шиелі, Қазалы ауданында бұл мәселе толық шешілсе, ендігі кезекте Қармақшы мен Жалағаштың электр жүйелерін талапқа сай ету көзделіп отыр.