Жаңақорған ауданы қысқа дайын
Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданы «СКЗ-U» ЖШС энергокешені Қазақстан Республикасы энергетика Министрлігінде күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алды. Бұл туралы ҚР ЭМ АЭҚБК Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті хабарлады.
Министрліктің жұмысқа әзірлік паспорты барлық жағдайда толық қысқа дайын болған мекемелерге беріледі. Қызылорда облысы бойынша энергетикалық ұйымдардың ішінен Жаңақорған ауданы бірінші болып қысқа әзірліктерін көрсетті. Яғни «СКЗ-U» ЖШС энергияөндіруші ұйымы энергияөндіруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін бағалау шарттарын орындады.
Күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін бағалау шарттары қандай?
•Ұйымның жұмыста және резервте негізгі жабдықтың қажетті құрамының болуымен электр жүктемелері кестесін орындауға дайын болуы;
•Қоймада күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларына сәйкес негізгі және резервтік (авариялық) отынның бар болуы шарт;
•Сыртқы ауаның төмен температурасы жағдайында жабдықтардың, технологиялық схемалар мен құрылыстардың зақымдануының алдын алу бойынша жоспарланған іс-шараларды толық көлемде орындалуы;
•Қорғау және автоматика құрылғыларының, ғимараттар мен құрылыстардың, диспетчерлік және технологиялық басқару құралдарының, өрт сөндіру және өрт дабылы жүйелерінің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайын болуы шарт.