Қызылордада жыл аяғына дейін 431 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылады
Kyzylorda-news.kz. Биылғы жылы облыста «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында 1997 пәтерді құрайтын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов мәлімдеді.
Сондай-ақ жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын басты міндеттер негізінде атқарылатын жұмыстар баяндалды. Бақыт Дүйсенұлы халықты тұрғын үймен қамтуда әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін қосымша пәтерлердің салынатынын қаперге салды.
«Ағымдағы жылы облысымызда 720,8 мың шаршы метр тұрғын үй көлемін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, республикалық бюджеттен көпбалалы аз қамтылған отбасылары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерлерді сатып алуға қосымша 3,6 млрд.теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен 431 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады»,- деді Бақыт Дүйсенұлы.