ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еңбек зейнетақысы 8 пайызға артады. Ал, ең төменгі зейнетақы көлемі – 49019, орташа – 71333, жоғарғы – 98247 теңгені құрамақ.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы – Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Айнұр Тобаева мәлімдеді.
Алдағы уақытта әйелдер үшін зейнеткерлік жасының ұлғайтылуы кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Атап айтсақ, ол келесі жылдан басталып, 2027 жылға дейін жалғасады. Осы аралықта алты айдан қосылып отырмақ. Мәселен, 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында 58 жасқа толатындардың зейнеткерлік жасы алты айға ұзарады. Сөйтіп, он жылда 63-ке көтерілмек. Дегенмен, бес және одан да көп бала туған немесе бала асырап алған аналардың зейнет жасы бұрынғыша сақталады. Ал, Семей ядролық сынақ полигонында кемінде бес жыл тұрған әйелдер 45 жасында шығады. Онда да еңбек өтілі 20 жылдан асқан болу керек. Тағы бір айта кететін жәйт, келесі жылдың 1 шілдесінен бастап, базалық зейнетақының тағайындалу механизмі өзгермек.
Сонымен қатар, осы жылы жәрдемақылардың басқа да түрлері 6-дан 16 пайызға дейін өскен. Мәселен, өткен жылы 68,6 млрд. теңге болса, биыл төленген әлеуметтік төлемдер 76,9 млрд теңгені құрайды. Ол туралы әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының басшысы С.Мырзабеков баяндады.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.