Қызылордадағы Назарбаев мектебінің ата-аналары кітап оқуды қолға алды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Руханият» отбасылық оқырмандар клубының биылғы оқу жылындағы алғашқы отырысы өтті.
Оқушылар мен ата-аналар арасында қазақ тілінде кітап оқуды насихаттау мақсатында құрылған «Руханият» отбасылық оқырмандар клубы жаңа мүшелерімен толықты. Мектепке қабылданған 7-сыныптың білім алушылары өздерінің ата-аналарымен отбасылық кітап оқу үдерісіне қолдау білдіріп, белсенділік танытты.
Жаңа оқу жылындағы алғашқы басқосуда 7-8 сынып оқушыларының отбасылары бір-бірлерімен танысып, тренингке қатысты. Ал «Bookbingo» әдісі бойынша өткен ойында клуб оқырмандарына «Назарбаев Зияткерлік оқушылары оқуға тиіс 100 кітап» жобасы мен әдебиет тізімі таныстырылып, «Тәтті викторина» ойынында қазақ әдебиетінің шығармалары талқыланды. Барлық кезеңдерде оқырмандар өздерінің білімдері мен ұшқыр ойларымен ерекшеленіп, ұйымшылдықтарын көрсете білді.
Клуб жұмысының жоспары бойынша барлық отбасы мүшелері қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының шығармасын бірлесіп оқуға ұсынылып, келесі отырыста талқыланатын болады.
«Балаларымызбен өткізген әрбір сәт қызықты, ал бірге кітап оқу тіптен ерекше. «Ұшқан ұя» шығармасын отбасымызбен оқып, оның мазмұнын талдау арқылы білім көкжиегімізді кеңейтіп, қарым-қатынасты нығайтатынымызға сенімдімін», – дейді ата-ана Аймекен Жүсіпова.