Қызылордалық зияткерлер жүлделі оралды

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалдары арасында ұйымдастырылатын бұл сайыс биыл 2 рет жалауын желбіретті. Турнирге Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Шымкент және Қызылорда қалаларынан 7 команда қатысып, бақ сынады.
«Бұл шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды спортқа тарту. Сондай-ақ, бұл ойын қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік меткептер желісінің құрама командасы жасақталып, олар республикалық және халықаралық деңгейдегі ойындарда мектеп намысын қорғайтын болады», - деді команда жетекшісі Владислав Вепрев.
Аймақтық кезеңде барлық командалардың ойындары тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің ұлдар командасы иеленді. Ал ІІ орынды сырбойылық зияткерлер қанжығасына байласа, І орынды Алматыдағы физика-математика бағытындағы мектеп жеңіп алды.
Турнир кезінде ерекше ойын көрсеткен Қызылорда Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Әбілхайыр Ерғалиев «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.