Қызылордада буккроссинг-аймағы ашылды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы «Жастар орталығы» ғимаратында алғашқы буккроссинг-аймағы ашылды.
Салтанатты шараға Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов, Қазақстан телерадио академиясының «Алтын жұлдыз» белгісінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова және Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мастеков қатысты.
Буккроссинг – кітаптармен алмасу үрдісі. Оны жүзеге асыру үшін бұрын оқыған кітапты ашық буккроссинг-аймағына апарып, оның орнына басқа, оқымаған кітаптарды алуға болады.
Буккроссинг-аймағына тиесілі тағы 2 шкаф «КазПочта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы және «Ақмешіт» институтына қойылды.
Шара барысында бірнеше кітаптың авторы, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ақын қаламгер, тележурналист Қаршыға Есімсейітова жастармен кездесу өткізді.
Айта кетейік, бүгінде руспубликаның барлық аймағында «Social Development Center» Қоғамдық қорының қолдауымен буккроссинг-аймақтары ашылып келеді. Бұл аймақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау» коммерциялық емес АҚ-ның гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асуда.