15 қараша – Ұлттық валюта күні
Kyzylorda-news.kz. Осыдан тура 26 жыл бұрын Қазақстанның төл теңгесі айналымға енді.
1993 жылдың 12 қарашасында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Араға үш күн салып, теңге айналымға шықты. Бірақ Ұлттық валютаның алғашқы партиясы Қазақстанға Ұлыбританиядан жасырын әкелінген.
Қазақстанда ұлттық валютаны енгізу жұмыстары 1992 жылы басталған. Сол жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Алайда Қазақстанда өз банкнотасын шығаратын жеке фабрикасы мен Монета сарайы жоқ еді. Сондықтан ұлттық валютаны әзірлеуге кіріскен арнайы топ өкілдері Англияға аттанды. Тұманды Альбион елінен ұлттық валютаны Қазақстанға жеткізу құпия жолмен жүргізілді. Теңге алғаш рет айналымға енген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілген еді. Содан бері ұлттық валюта бірнеше рет құлдырады.