Қызылордадағы зияткерлік мектепте «Абай жолы» романы сахналады
Kyzylorda-news.kz. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай 11-сынып оқушылары арасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының желісі бойынша сахналық қойылымдар байқауы өтті.Кураторлар мен қазақ тілі пәні мұғалімдері ұйымдастырған шара Абай шығармашылығын оқушылар арасында насихаттау мақсатында өтті.
11 "С" сыныбы бала Абайдың оқудан келген сәті мен ата-анасымен қауышу, отбасында тәрбиелік мәні зор көріністі, 11 "В" сыныбы бозбала Абайдың әкесі Құнанбайдың тапсырмасымен жер мәселесін шешуге араласу сәтіндегі ақылдылығы мен шешендігін, ал 11 "А" сыныбы болыс Абайдың ел ісіне араласқан сәттегі әділдігі мен ақындығын сахналады.
Көркем шығарманың мазмұны мен танысқан оқушылар Абай бейнесін сомдауда зор ықылас пен актерлік шеберліктерін таныта білді.
– «Абай жолы» шығармасын толық оқымасам да, Абайдың жүріп өткен жолының қандай ауыр болғанын түсіндім. Бұл байқау романды оқуға деген қызығушылымды оятты. Ал сахнада образ сомдаудың жауапкершілігі өте жоғары екеніне көзім жетті, – деп, өз ойымен бөлісті Абай рөлін сомдаған 11 "В" сынып оқушысы Дархан Бақытжан.
Айта кету керек, Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Қызылордадағы Зияткерлік мектепте көптеген тәрбиелік-танымдық шаралар ұйымдастырылып келеді. Жас ақындар мүшайрасы, мәнерлеп оқу байқауы, ақын шығармаларының желісі бойынша жас суретшілер сайысы өтіп, ең үздік жұмыстар марапатталды.