21 желтоқсан: Ел тарихында орын алған оқиғалар
1868 жылы Дала генерал-губернаторлығы құрамында Ақмола облысы құрылды. Орталығы болып Омбы қаласы таңдалды. Облыс құрамына 5 уез - Ақмола, Омбы, Петропавл, Көкшетау, Сарысу кірді.
1991 жылы 11 тәуелсіз мемлекеттің басшылары Алматы декларациясын қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылып, жаңа достастықтың тұсауы кесілді, сондай-ақ КСРО-ның таратылғаны жарияланды.
1992 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң қабылдады.
1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Алтын Жұлдыз», «Халық қаһарманы» атағы, ордендер, медальдар, және басқа мемлекеттік сыйлық белгілерінің бейнелері бекітілді. Бұл орденмен тек, қана Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген азаматтар марапатталады. Қазақстан Республикасының Президенті «Алтын қыран» орденінің кавалері атанады. «Халық қаһарманы» атағын алғандарға «Алтын жұлдыз» ерекше белгісі және «Отан» ордені беріледі. «Отан» ордені - Қазақстан Республикасының жоғарғы ордендерінің бірі. «Отан» орденімен мемлекеттік және қоғам қызметтерінде: экономиканы дамытуда, әлеуметтік салада, ғылым мен мәдениетте, құқық қорғау және әскери қызметте, демократия мен әлеуметтік саланы дамытуда ерекше еңбектері үшін марапаталады.
1995 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Израильдегі елшілігі ашылды.
2010 жылы «Қазпошта» АҚ 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана және Алматы қалаларында VII қысқы Азиада ойындарының өткізілуіне орай «Спорт» сериясының төрт пошта маркасын айналымға шығарды - «Трамплиннен секіру», «Мәнерлеп сырғанау», «Фристайл» және «VII қысқы Азиада ойындарының эмблемасы».