Президенттік жастар кадр резервіне енгендер тізімі жарияланды
Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүргізілген Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандық анықталды.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі - Президенттік кадр резервін жасақтау. Алғаш рет сайлауалды бағдарламасында жария еткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, бірнеше ай бойы ауқымды жұмыстар атқарылды және бүгін жастарды іріктеу аяқталды. Комиссия отырысында эксперттік комиссия ұсынған кандидаттар қаралды және 300 жас қазақстандық іріктеліп алынды», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, резервке енген жастар мемлекеттік басқару жүйесінегі жауапты қызметтерге тағайындалады. Мұндағы басты мақсат - білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік лифтінің ұтымды жүйесін құру.
«Бұл резерв мемлекеттік қызмет саласын жаңартуға, озық ойлы жас көшбасшыларды жұмылдыруға және жастарды ынталандыруға мүмкіндік береді. Бірақ, Президент айтқандай, тек жоғары лауазымға ұсынылатын топ деп қарауға болмайды. Бұл жоба жастарды халыққа шын ниетімен қызмет етуге ынталандыруы тиіс», - деді М.Әшімбаев.
Жоба жеңімпаздарының толық тізімін Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтынан көруге болады.