Абайдың 175 жылдығы: ақын туралы телесериал түсіріледі
Kyzylorda-news.kz. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы құрметіне ақын туралы телесериал және бірнеше деректі фильм түсіріледі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында айтылған, деп хабарлайды Ақорда.
"Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және "Абай" телесериалы түсіріледі", - делінген мақалада.
Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады.
"Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады", - деп жазды Тоқаев мақаласында.
Сонымен қатар, тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп "Абай мұрасы және әлемдік руханият" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.
Ал қазанда Нұр-Сұлтанда "Абай және рухани жаңғыру мәселелері" тақырыбында халықаралық конференция өтеді.
Президенттің айтуынша, бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады.
"Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан "Абай орталықтарын" құру жоспарланып отыр. Бұл мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермей ұйымдастыру қажет", - деді мемлекет басшысы.
Айта кетсек, осы жылы Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады.