«Байқоңыр» ғарыш айлағында мамандарды даярлайтын орталық құрылуы мүмкін
Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында белгілі болды.Жоғарғы палатадан хабарлағандай, депутаттар "2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасың Заң жобасын қарады.
Заң жобасы жоғарыда аталған Келісімге "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінен ғарыш аппараттарын ұшыруды жүзеге асыру үшін кешенді құру мен бірлесіп пайдалану және Қазақстан мен Ресей тараптары арасында жобаны іске асыруды қаржыландыруды бөлу кезінде негізгі шарттарды өзектендіру бөлігінде түзетулер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялауды көздейді.
Осыған байланысты Хаттамамен: жобада тасымалдағыш зымыранды ("Ангара" тасымалдағыш зымыранын перспективалы ресейлік орта класты тасымалдағыш зымыранға), сондай-ақ "Байқоңыр" ғарыш айлағының жалдауынан шығарылатын "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің базасындағы құрылыс орнын ауыстыру көзделеді; Тараптар арасында ғарыш зымыран кешенінің құрамдас бөліктерін қаржыландыруды бөлу көзделеді, оған сәйкес Ресей тарапы тасымалдағыш зымыранды құруды және оның құрамдас бөліктерін тасымалдау құралдарын, екпіндеткіш блоктың, ғарыш аппаратының және ғарыштық басты бөліктің техникалық кешенін жаңғыртуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді, ал Қазақстан тарапы "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің қолда бар жерүсті инфрақұрылымын реконструкциялауды және жаңғыртуды, старттық және техникалық кешендерді пайдалану бойынша персоналды дайындаудың оқу-жаттығу құралдарын құруды қаржыландыруды қамтамасыз етеді; бұған дейін жоғарыда аталған Келісімде айқындалмаған, орта класты тасымалдағыш зымыранмен «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінде ұшу сынақтарының басталу мерзімін 2020 жылы бастау және тағы басқалар көзделген.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Талғат Мұсабаев өз баяндамасында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру Қазақстанға жерүсті ғарыш инфрақұрылымның меншікті объектілерін пайдалана отырып, ұшыру қызметін жүзеге асыратын мемлекет болуға, кешенді құру және пайдалану кезінде жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты әлеуметтік оң әсерлерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Байқоңыр" ғарыш айлағы объектілері базасында ғарыш қызметі саласында білікті кадрларды даярлайтын өз орталығын құру мүмкіндігі пайда болады, - деді сенатор.