Қызылордада мақта тиеген жүк көлігі өртеніп кетті
Kyzylorda-news.kz. Қызылордада кеше 18-00 шамасында «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының 1814 шақырымындағы ПМК-66 саяжайы маңында Қырғыстан Республикасынан Мәскеу қаласына бағыт алған «Renault Magnum» маркалы жүк автокөлігінде жалпы саны 94 дана престелген мақтаның жанып жатқандығы жөнінде «112» құтқару қызметіне хабар түскен.Мамандардың болжамына сүйенсек, көлік құралдарындағы тілсіз жаудың негізгі себептерінің бірі-ол өрт қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан орын алған. Осындай олқылықтар салдарынан бүгінде тағы бір жүк көлік тіркемесіндегі мақта өртке оранды.
«Өрт оқиғасының басына жеткен өрт сөндірушілер барлау жұмыстарын жүргізіп, жанып жатқан 94 дана престелген мақтаны оқшаулауға кірісіп кетті. Осылайша, өрт сөндірушілер жылдам әрі нақты іс қимылдарының нәтижесінде 47 дана престелген мақтаны аман сақтап қалды. Өрт оқиғасы 34 минутта оқшауланып 19 сағат 27 минутта 1 «Б» оқпанын пайдалану арқылы толығымен сөндірілді», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге №4 Өрт сөндіру бөлімінен 9 қызметкер, 2 бірлік техника, жұмылдырылды. Өрт салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.
Айта кетейік, Қызылорда аумағынан өтетін Батыс Қытай-Батыс Европа халықаралық автомагистралында өткен жылы автокөліктердегі өрт оқиғалары көп тіркелді. Оның басым бөлігі транзиттік автокөліктер болып отыр.