Сыртқы істер министрлігі коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады
Kyzylorda-news.kz. Қытай аумағында таралып жатқан коронавирустың жаңа түрін жұқтырған пациенттердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Мәселені ушықтырмауды сұраймыз, деп хабарлады Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары Қытайдың ондаған қаласында тұрып жатыр.
«Олардың көбісі түрлі себеппен консулдық есепке тұрмайды. Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі арқылы Қытай аумағындағы Қазақстан азаматтарының нақты санын анықтап жатыр», – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, Қазақстан ғана емес, әлемнің басқа да елдері өз азаматтарын эвакуациялау мүмкіндіктерін қарастыруда. Ухань қаласында карантин жариялануына байланысты қоғамдық көлік, сондай-ақ халықаралық автобус, теміржол және әуе қатынастары тоқтатылған.
«Болған жағдай айналасында мәселені ушықтырмауды сұраймыз. Ел үкіметі вирусты Қазақстан аумағына кіргізбеу бойынша барлық қажетті шараны қабылдап жатыр», – деп атап өтті Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылдың 27 қаңтарындағы жағдай бойынша, ҚХР аумағында таралып жатқан коронавирустың жаңа түрін жұқтырған пациенттердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ.