Қызылорда облысының әкімі Жаңақорған ауданының тұрғындарымен кездесті
Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Жаңақорған ауданында болып, жиырмаға жуық елді мекенді аралады. Аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп,өтініш-тілектерін тыңдады.Жаңақорған ауданда 85 мыңнан аса тұрғын бар, өндірілген өнеркәсіп өнімі – 78,3 млрд теңге болса, инвестицияның бағалау көлемі –27,6 млрд теңге және өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі – 103,7% жеткен.
Ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 27,6 млрд теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі – 5,3 млрд теңгеге жетіп, 2000 аса жаңа жұмыс орыны ашылған. 2018-2019 жылдар аралығында ауданда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында барлығы 6 нысан салынып, пайдалануға берілген. Оның 4 спорттық клуб пен 2 дәрігерлік амбулатория.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов алдымен Қожамберді ауылында тұрғындарымен кездесті.
«Елді мекендерді аралаудағы басты мақсатым- тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын өз көзімен көру»,- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
5000 аса тұрғыны бар Төменарық ауылдық округіндегі басты мәселенің бірі ауылдық аурухана салу. Өңір басшысы бұл мәселені шешу үшін жоба-сметалық құжаттарды әзірлеп, тиісті жұмыстарды жүргізуді аудан әкіміне тапсырды.
Мұнан соң өңір басшысы Жаңаарық ауылдық округінде болып, тұрғындардың өтініш тілектерін тыңдады. Тұрғындар елді мекендегі ыза суға байланысты дренаж қазу және клуб ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі туралы айтты. Аймақ басшысы дренажды жүйені қалыпқа келтіруді тиісті сала мамандарына тапсырса, ауылдық клубты жөндеу мәселесін шешуді аудан әкімдігіне міндеттеді.
Мұнан кейін аймақ басшысы Өзгент, Келінтөбе, Қаратөбе, Қандөз ауылдық округтерінде болып, тұрғындарымен кездесті. Өзгент тұрғындары келешекте газ тарту мәселесіне назар аударылса деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, ауыл орталығынан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов атындағы аллея ашуға қолдау көрсетілсе деген ойы бар. Бұл орайда облыс әкімі аймақта бүгінгі таңда төрт аудан орталығы толықтай «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілгенін, келесі кезекте қалған үш ауданда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Көктөбеліктермен мен талаптықтар ауылдың көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бау-бақша күтімі үшін аяқ су мәселесін шешіп беруді сұрады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов: «Жолдарды күрделі жөндеу үшін қаржы бөлінді, алдағы наурыз айында жұмыс басталады»,- деді.
Ал, аяқ су мәселесіне қатысты жауапты сала мамандары 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламаның жоспарына ауылдардағы аяқ су мәселесін қосымша ретінде жоспарға бекітілетінің айтты.
Манап, Қосүйеңкі, Қыраш, Ақүйік ауылдық округтерімен Шалқия кентінің тұрғындары халықтың тыныс-тіршілігімен танысып жүрген аймақ басшысына ризашылықтарын жеткізіп, ауыл ақсақалдары батасын берді.
Жайылма мен Сунақата ауылдық округінің тұрғындары балабақшаға баратын балалар санының өсуіне байланысты бөбекжай салу мәселесімен ауыл көшелеріндегі электр бағаналарын жаңартуды сұрады. Аймақ басшысы электр желілерін жаңарту мәселесі туралы «КРЭК» АҚ аудандық филиалына тапсырма берді.