Қызылордалық мемлекеттік қызметшілер түзету мекемесін аралады

Бас бостандығынан айырылып емес, абақтыны аралау үшін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары жүз рет ескерткенше, бір рет көрсетейік деген ниетте шенеуніктерді шетінен түзеу мекемесіне апарып жатыр. Бұл жолы қаржы басқармасы мен жергілікті мәслихат мамандары абақтының сұсты камераларына кіріп көрді. Оларға сондай-ақ жатақхана, асхана мен жазалауға арналған карцер бөлмелері таныстырылды. Жалпы өткен жылы облыс бойынша жемқорлық сипатындағы 115 қылмыс тіркелді. Оның көбі мемлекет қаржысын талан-таражға салу мен кәсіпкерлерге қырғидай тию деректері.
«Төрт жарым жылға сотталдым, қылмыс істегеніме өкінемін және тезірек бостандыққа шығудан үміттімін», - деді сотталушы.
«Сотталушылармен сөйлестік, жағдайын сұрап, не үшін сотталғанын өзіміз үшін біліп көрдік. Біздің негізгі мақсатымыз – ондайға жол бермеу және қайталамау. Өзіміз көріп отырмыз, шынын айтқанда, бірінші рет көргендіктен жүрекке ауыр. Жалпы мемлекеттік қызметкер болғандықтан, Әдеп кодексін сақтап, сыбайлас жемқорлыққа ешқандай қылмыс жағынан ойламай таза жұмыс жасау керек», - деді Қызылорда облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы Нұрланбек Ердіқалықов.