Қайраддин Баймаханов: «Осынау қысылтаяң кезеңде бәріміз біз үшін күресіп жатқан азаматтарға жәрдем беруіміз керек»
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы жарлық шығарды. Оның басты мақсаты – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау.
Шақыруды жергілікті атқарушы органдар жергілікті әскери комиссариаттар арқылы жүргізіледі. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша әскери есепте тұрған азаматтарға шақыру қағаздары мен СМС хабарламалар таратылады.
Бұл әскери жиын біздің өңірде мүлде өтпеуі де мүмкін. Төтенше жағдай және карантин кезінде жеткіліксіз ресурстардың орнын толтыру үшін қолға алынған шара.
Сондықтан бұл қабылданған құжаттан саяси астар іздеп, қорқудың қажеті жоқ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» азаматтардың атқарып жатқан қызметтеріне жәрдемдесейік, ағайын.
Тәубә, Қазақстан халқы соғыс-тартыссыз, бейбіт өмір сүруде.
Алайда әлемді шарпыған жұқпалы індет біздің елді де айналып өтпеді. Қайтсек бетін қайтарамыз, ел амандығын сақтап, мамыражай өмірімізді жалғастырамыз деп жан алысып жатқан азаматтарға жәрдем беру – кез келген Қазақстан азаматының бойына сіңген елжандылық қасиет болуы керек.
Тарихтың көптеген сынағынан өткен ата-абаларымыз болашақ ұрпағы үшін алауы лаулап тұрған Ұлы Отан соғысында да кері шегінбеді.
Қолға қару алған соғыс болмағанымен қауіпті аурумен бетпе бет келіп тұрмыз.
Бұл індетті жою жолында біздің алдымызда тұрған міндеттер немқұрайлық пен алаңсыздықты кешірмейді.
Мемлекетімізді қауіпті кеселден сақтап қалу жолында бір отбасының балаларындай біріккендеріңізді қалаймын, құрметті азаматтар!
Қайраддин БАЙМАХАНОВ,
Қызылорда облыстық «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Қызылорда облыстық «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы