Қызылордалық күрішшілер жеңілдіктен қағылуы мүмкін

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізілімі Үкіметтің 2020 жылғы 27 наурыздағы №141 қаулысымен бекітілген. Бұл құжат күрішшілердің түсініспеушілігін тудыруда.
Себебі Үкіметтің қаулысындағы тізілімде күріш «ақталған домалақ дәнді күріш» деп көрсетілген. Ал отандық күрішшілер тек орташа дәнді ақталған күріш шығарады. Құжатта бар, қолданыста жоқ күріш осы саладағы кәсіп иелеріне айтарлықтай жүк болуы мүмкін.
Өткен аптада Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселені жан-жақты саралап, «Атамекеннің» Орталық аппаратына проблеманы жеткізді. Өз кезегінде Орталық аппараттан ұсыныс тиісті министрліктерге кетті.
«Мәселе шешімін табады деп үміттенеміз. Себебі біздің кәсіпкерлер қазір шот-фактураларын қосымша құн салығына қатысты әр түрлі пайызбен беруде. Егер Үкіметтің қаулысына өзгеріс енбей қалса кәсіпкерлерімізге зияны тиеді», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Айта кету керек, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының тұрақты жұмыс жасайтын «жедел желісі»: 8 /7242/ 40-09-81 немесе 8 777 764 33 11 нөміріндегі call-орталыққа хабарласа алады.
Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарласуға арналған байланыс құралдары: 1432, 8 778 870 14 32.