Дәуренбек Мадинов: Сын сағатта бірге болайық

Қазақстан мемлекеті тиісті шараларды дер кезінде қабылдап, вирустың тез таралмауына тосқауыл қоя білуде.
Өздеріңізге белгілі алдыңғы қатарлы дамыған Европадағы бірқатар мемлекеттер күніне мыңдаған азаматтарын жер қойнауына тапсырып жатыр. Тіпті оларды жерлейтін орын таппай, соңғы сапарға шығарып салу рәсімдері де өткізілмейді. Бұл бір қарусыз соғыстың құрбандары іспетті. Бұның басты себебі, Үкіметтің қойған талаптарын орындамай, мамандардың кеңесіне мән бермеу. Ақпараттардан көріп отырғанымыздай шет ел азаматтары өздерінің немқұрайлықтарына өкінуде, адамзатты тәртіпке шақыруда.
Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай "Тәртіпке бағынған ел құл болмайды". Демек, Үкімет тарапынан қабылданған шараларды, дәрігер мамандардың кеңесін бұлжытпай орындауға тиіспіз. Тиісті мемлекеттік органдар заң талаптарын бұзған азаматтарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуда. Бұның барлығы адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалу үшін жасалып жатқан шаралар.
Егер, тәртіпке бағынбай бей- берекет қоғамдық орындарда жүріп, той-томалақты жасап көпшілікті жинай беретін болсақ бұл вирус өрши береді, орны толмас қайғыға апаруы мүмкін. Карантин ұзаққа созылған жағдайда еліміздің экономикасына да кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұл жағдай бізді ғана емес, аяққа нық тұрған экономикасы мен әл-ауқаты дамыған алпауыт мемлекеттердің өзін де алаңдатуы тегіннен-тегін емес.
Қадірлі жерлестер, осы уақытша қиындықты біз бірге болғанда, тәртіпке бағынғанда ғана жеңіп шығамыз. Ұрпағымыздың амандығы үшін, бауырымыздың бүтіндігі үшін, деніңіздің саулығы үшін Үкімет тарапынан, жергілікті билік тарапынан жасалып жатқан шараларға қол үшін беріп, жақсы нәтижеге жету үшін аудан халқын ауызбіршілікке шақырамын.
Ол үшін Сіздерден, көп нәрсе талап етілмейді карантиннің талаптарын бұлжытпай орындау, уақытша үйде қалу, жеке гигиенаны сақтау (қолды жиі жуу, бетперде кию), көпшілік орындардан бас тарту. Сонда ғана қатерлі вирустың кең таралуын тежеуге мүмкіндік аламыз.
Дәуренбек МАДИНОВ,
Арал аудандық мәслихат хатшысы