COVID-19: Зейнетақы мен жәрдемақы автоматты түрде есептеледі
Kyzylorda-news.kz. 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Төреахмет Жолымбетов мәлімдеді.
«2020 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 5 пайызға артты. Мұнан өзге, жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерін есептеу 46 айлық есептік көрсеткіш (127 788 теңге) мөлшерінен аспауы керек. Сонымен қатар, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, әлеуметтік жәрдемақы мөлшері, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, бала асырап алушыға, қамқоршыға жәрдемақы, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне арналған жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғарлауына байланысты өсті»,- деді Төреахмет Сайлаубайұлы.
Өз сөзінде сала басшысы бірінші және екінші тізімдердегі мемлекеттік арнайы жәрдемақы, бала тууына байланысты біржолғы төленетін жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейінгі төленетін жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға, көп балалы аналарға ай сайынғы төленетін жәрдемақылар, арнаулы жәрдемақы, айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшерін ескере отырып көбейгендігін айтты.
Айта кетейік, облыс бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны - 247,4 мың адамды құрап отыр.
2020 жылдың 1 сәуірінен бастап:
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) - 2 778 теңге;
- зейнетақының ең төменгі мөлшері - 40 441 теңге;
- ең төменгі күнкөріс деңгейі "ЕТКД) - 32 668 теңге;
-мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері - 17 641 теңге;
-жалақының ең төмен мөлшері - 42 500 теңгені құрайды.