Министрлік 42 500 теңгені кімдер екінші рет алмайтынын айтты
Kyzylorda-news.kz.Төтенше жағдай кезінде жұмысқа шыққан азаматтарға 42 500 теңге екінші айға төленбейді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, әлеуметтік жәрдемақыны екінші рет алу үшін қосымша өтініш жазудың қажеті жоқ. Десе де, екінші төлем бәріне бірдей бұйырмайды. Оған себеп – кәсіпорындардың кезең-кезеңмен іске қосылуы. 20 сәуірден астана мен Алматы қаласында бизнестің кейбір субъектілері жұмысын бастады.
«Біз аудандық жұмыспен қамту штабтарымен бірге міндетті түрде деректерді салыстырамыз. Жұмысқа шығып, табысын қалпына келтіре бастаған жұмысшыларға екінші айға төленбейді. Бұл үшін egov.kz порталында арнайы форма әзірленді. Ол жерде кез келген адам жұмысына оралғанын хабарлап, төлемнен өздігінен бас тарта алады», - деді Мұқышев әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында.
Ал қалғандарына, вице-министрдің айтуынша, 42 500 теңге екінші рет төленеді.
«Екінші төлем біріншісін алғаннан кейін бір айдан соң, бірақ төтенше жағдай аяқталғанға дейін төленеді. Сәуір айының соңына дейін барлығы екінші төлемін алады», – деді ол.