«Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы зейнетке шықты
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Байқоңыр» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік Қоғамының Басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаевты зейнетке шығарып салды.
Өңір басшысы Темірхан Бердәліұлына атқарған қызметі үшін алғыс айтып, «Байқоңыр» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын басқарған уақытта жарғылық капитал қоры 3 есеге артқанын айтты.
«Осы уақытқа дейін корпорацияның қатысуымен 39 кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде: көлік саласындағы құрылыстар, ауыл шаруашылығы саласындағы мал бордақылау алаңдары және денсаулық сақтау саласындағы шипажай құрылыстары жобаларына ерекше тоқталуға болады. Темірхан Бердәліұлы корпорация тізгінін ұстаған уақытта аймақтағы кәсіпкерлік саласында тың өзгерістер бастау алды»,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Темірхан Кенжебаевқа өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.