Арысты оқ-дәріден толығымен тазартуға 3-5 жыл уақыт керек – министрлік

Ол қазіргі таңда тазарту жұмыстары жарылыс болған аумақта жүргізіліп жатқанын атап өтті. Содан кейін әскерилер үшін ең күрделі жұмыс – қоймаларды тазартуға кіріседі.
"Бірақ, қарулы күштердің мақсаты жұмысты тез аяқтап тастау емес. Біз үшін ең бастысы – болашақта ешқандай салдары болмас үшін, осы аумақтың әр шаршы метрін кезең-кезеңмен тазалау. Алайда жақында аяқтау туралы айтуға әлі ерте. Алдағы екі, үш-бес жылда бітіріп қалармыз", - деді Сатвалдинов онлайн-брифингте.
Айта кетсек, Арыс қаласынан бір жыл бойы 380 мыңға жуық оқ-дәрі фрагменті шығарылды, оның ішінде 300 мыңға жуығының жарылыс қаупі бар. Саперлер 4,5 мыңнан астам оқ-дәріні залалсыздандырды.
2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысы Арыс қаласында әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды.
Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала.
Төрт айдан кейін Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери бөлім инженерлік қызметінің басшысы көз жұмды.