Бақберген Досманбетов: Елбасы – әлем тарихындағы кемеңгер тұлға
Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы туралы «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласын егжей-тегжейлі оқып шықтым.
Мемлекет басшысы аталған мақаласында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының Ұлы дала төсінде жаңа тұрпатты жас мемлекетті құру жолындағы еңбегін оқырманға ерекше паш етеді.
Президент мақаласында: «Осы бір мерейлі миссияны орындау мемлекетіміздің негізін қалаушы ұлы перзенті, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңдайына жазылғаны – әлемде аумағы жағынан алып елдердің алғашқы ондығына енетін, ұлан-байтақ жерінің асты да, үсті де табиғи ресурстарға бай, кешегі Кеңес Одағынан ірге бөліп шыққан кезде қолында жалын атқан от қаруы бар стратегиялық маңызы зор елге уақыттың өзі сыйлаған ерекше бағы. «Ақылды басшы алдырмас» деген, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әлем картасында орын алған тектоникалық үлкен саяси өзгерістердің салмағын саралай отырып, Қазақстанның ұлттық мүддесін сыналап енгізе білген Елбасы осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастады. Көшіміз көлікті болды. Ұлтымызда «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар. Бұл орайда Қазақстан – қалыптасқан қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел», – деп қасиетті Қазақстан тарихындағы Елбасының рөлін тайға таңба басқандай етіп баяндайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі жарық көрген мақаласында Тұңғыш Президентпен алғаш танысқанынан бастап, дүние жүзінің картасында жаңадан пайда болған Қазақстан атты мемлекеттің Президенті болып сайланған жылдарын, қаһарлы елдің қабырғасы сөгілген кезде ТМД ұйымын құруға бастамашы болғанын, Нұрсұлтан Әбішұлын жаһандық саясатта танымал еткен ең алғашқы қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлық шығарып, одан кейінгі жылдары халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасын арттыруға бағытталған реформаларын керемет суреттейді.
Сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Елбасы жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарды.
Елбасының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.
Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға береді. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары.
«Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев елді басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады» деген Сингапурдың бірінші Премьер-министрі, көрнекті саяси тұлға Ли Куан Юдың Елбасымызға деген әділ бағасы бүгінде шындыққа айналғанын бәріміз көріп отырмыз.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың бар ғұмыры тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап бүгінге дейін Қазақ мемлекетін нығайту ісімен біте қайнасып келеді. Шетелдіктер оны заманауи Қазақстанның негізін қалаушы және көшбасшысы ретінде жақсы біледі, сыйлайды. Тұңғыш Президентіміздің мемлекет қайраткері ретіндегі қарым-қабілеті талассыз мойындалған. Мен Елбасымыз бен шетелдіктер арасындағы көптеген халықаралық кездесулер мен келіссөздердің куәсі болғандықтан, осыны зор жауапкершілікпен айтуға хақым бар деп ойлаймын. Ол – шын мәнінде жаһан жұртына кең танымал, халықаралық қауымдастықта айрықша беделді, әлемдік деңгейдегі саясат сардары. Елбасы бұл биікке қажырлы еңбегімен, парасат-пайымымен, маңдай терімен жетті. Ендеше, біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек», – дейді Президент мақаласының соңында.
Олай болса, тарихи тұлғаның тағылымы ғасырлар бойы тарих таразысында жасай беретіні сөзсіз.
Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,
Қазақстан ҰҒА академигі,экономика ғылымдарының докторы,
«Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі
Қазақстан ҰҒА академигі,экономика ғылымдарының докторы,
«Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі