Қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтық үшін төлем беріледі
Kyzylorda-news.kz. 1 млн-нан астам қазақстандыққа азық-түлік және тұрмыстық жиынтық үшін төлем беріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар 20 шілдеден бастап айдың соңына дейін банк картасына төлем ала бастайды. Бұйрық күшіне енген кезде төлем 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтарға беріледі",- делінген хабарламада.
Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі.
5 әлеуметтік топ:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.
Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықты 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк картасына аударылған төлемге ауыстырылды.
Наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелген.