Қызылорда облысының әкімі Қылышбай Бисеновті мерейтойымен құттықтады
Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық мәслихат хатшысы «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Бисеновты 63 жас мерейтойымен құттықтады.
Аймақ басшысы облысқа белгілі азамат, профессор, қоғам қайраткері Қылышбай Алдабергенұлына еліміздің өркендеуі мен дамуы жолындағы қосқан елеулі үлесі мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегін ерекше бағалап, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
«Еліміз үшін еңбек етіп, білімімен, адал парасатымен халықтың көз алдында жүрген азаматтар Сыр өңірінде өте көп. Біз сол азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға үлгі, жастарға өнеге етуді дәстүрге айналдырып келеміз. Қылышбай Алдабергенұлы Сізді Сыр жұртшылығы атынан 63 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Қылышбай Алдабергенұлы - 1957 жылы 21 шілдеде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген.
1979 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Еңбек жолын осы аталған институттың «Темірбетон құрастырмалары» кафедрасында стажер-зерттеуші ретінде бастаған.
Түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Қ.Алдабергенов білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосты. 1986-1990 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында аға оқытушы, 1990-1996 жылдары Ы.Жахаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлік институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, бірінші проректор, 1996-1998 жылдары аталған институттын ректоры, 1998-2007 жылдардан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің екі мәрте ректоры, сәулет және құрылыс өндірісі кафедрасының профессоры, ректордың кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Сыр елінің білім шаңырағы - Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жандануына ерекше еңбек етті. Жоғары білім беру бағытының дамуына және аймақтың білікті кадрларын даярлауға үлес қосты.
Мерейтой иесі Қылышбай Алдабергенұлы қоғамдық-саяси қызметте де жауапты жұмыстарды атқарды. Облыстық мәслихатының үш мәрте депутаты, кейінен 2007-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі ІV шақырылымының депутаты ретінде сайланып, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет мүшесі болған. Бүгінгі күні облыстық мәслихат хатшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.