Қызылордада электр энергиясының бағасы өсті
Kyzylorda-news.kz. Тамыз айында облыстағы 3 энергиямен жабдықтау ұйымы уәкілетті органға электр энергиясының бағасын өсіру жөнінде ұсыныс білдірді. Басты себеп 1 шілдеден бастап энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясы құны артқан.
«Энергосервис» еншілес ЖШС-і энергиямен жабдықтау қызметінің бағасын 13 пайызға арттыруды ұсынды. Алайда департаментпен жүргізілген экономикалық сараптама нәтижелері бойынша ұсынылған жобалық баға 6,1 пайызға дейін төмендетілді. Нақты тұрғындар үшін 5 пайызға баға 11 қыркүйектен бастап қымбаттады. Осыған ұқсас жұмыстар «Дәулетэнерго» және «Шиелі Жарығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бойынша да жүргізілді. Айта кетейін, бюджеттік мекемелер үшін 9, ал кәсіпкерлік нысандарға 6,1 пайызға электр энергиясы қымбаттады. Негізі электр энергиясының бағасы республика бойынша көтерілді. Өйткені, станциялар бағаны өсірген», – деді облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова.
Жалпы департамент мамандары жыл басынан бері заңнаманы сақтамаған субъектілерге 28 нұсқама беріп, 100,8 млн. теңге айыппұл салды.