Жаңақорғанда есірткі қылмысы азаймай тұр
Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы өтті. Карантин талаптарына байланысты биыл бірінші рет ұйымдастырылған кеңесте сала басшылары 2019 жылды қорытындылап, 2020 жылдың 8 айында атқарылған шараларды баяндады.
Комиссия отырысында «Есірткі қылмыстарының алдын алу, оған қарсы ұйымдастырылып жатқан шаралар туралы» Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев баяндама жасады.
«2019 жылдың 12 айында 306 құқық бұзушылық тіркелсе, оның ішінде қылмыс – 274, теріс қылық – 32. Жалпы қылмыстың тіркелуі – 7,6 пайызға төмендеген. 2019 жылдың 12 айында есірткі затын анықтаудың 14 дерегі тіркелген. Оның ішінде, 5-і есірткі алқабын егіп, баптау дерегі болса, 2-і есірткі затын ірі мөлшерде сақтау, 6-ы есірткі затын тұтыну, сақтау, 1-і есірткі затын заңсыз сату.
Жыл басынан бері есірткі қылмыстары бойынша 7 азамат құрықталып, Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Көкнар-2019″ жедел профилактикалық іс шара барысында аудан көлемінен 336 килограмм 600 грамм кептірілген марихуана тәркіленіп, жойылды» – деді қоғамдық тәртіпке жауапты тұлға.